31 мам, 2017 сағат 18:20

Сағадиев: Мұғалімдер еңбекақысын көтеруге қатысты есептеулер жасалды

Бүгін елордада өткен есепті кездесуде ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мұғалімдердің еңбекақысын көтеру жайында қойылған сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл өте маңызды мәселе екені белгілі. Ағымдағы жылы педагогтардың кәсіби стандартын қабылдауға байланысты жалпы еңбекақыны көтеруге ниеттіміз», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, еңбекақыны жоғарылату бойынша министрлік тиісті есептеулерді жасады.

«Қазақстанда бюджет қалай қабылданатынын білесіздер, яғни біз есептеулерді Қаржы министрлігіне тапсырамыз, олар өз кезегінде оны Республикалық бюджеттік комиссияға шығарады. Одан соң бұл мәселе Парламенттің қарауына енгізіліп, депутаттар өздерінің ұсыныстарын жасайды. Бюджет мүмкіндігіне қарай тиісті шешім қабылданады»,-деп  түсіндірді Сағадиев.

Білім және ғылым министрі аталған мәселеге қатысты барлық есептеулердің жобасы педагогикалық қоғамдастықпен келісілгенін атап өтті.

«Жалпы еңбекті төлеу жүйесін өзгертуге тырысудамыз», - деп түйіндеді министр.