30 нау, 2017 сағат 16:39

Сағадиев: Мектепте қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі енгізіледі

Жаңа оқу жылынан бастап облыстардағы 100-150 мектепте қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі енгізіледі. Бұл туралы бүгін білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Ақтөбеде педагогтармен кездесуінде айтты, - деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Сағадиевтің сөзіне қарағанда, қазір Қазақстанда орыс мектептерінде оқитын 500 мыңнан астам бала қазақ тілін білмейді және бұл мәселені шешуде қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі дайындалған.

- Баланы сөйлеуге "мәжбүрлейтін" бұл коммуникативті әдістемені қолдануда сөздік қор шектеулі болады. Сол арқылы оқушыларды мейлінше жылдам қазақша сөйлетеміз. Министрлік сонымен қатар жиі қолданылатын сөздердің сөздігін де әзірлеп қойды, - деді Сағадиев.

Министрдің мәліметінше, мектеп жасындағы қазақ балаларының 90 пайызы ана тілін біледі.

Облыстық білім беру басқармасының хабарлауынша, министр мен педагогтердің кездесуі жабық түрде өткен.