24 там, 2016 сағат 10:34

Сағадиев: Мектеп формасына қатысты дүрбелең туғызудың қажеті жоқ

Бүгін Алматыда «Білімді ел - Мәңгілік ел» тақырыбында дәстүрлі қалалық орта білім беру қызметкерлерінің Тамыз педагогикалық кеңесі өтті. Кеңеске қатысқан ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектеп директорлары мен ата-аналар комитетін мектеп формасына қатысты елді дүрліктірмеуге шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мектеп директорлары мен ата-аналар комитетіне үлкен өтініш. Мектеп формасын сатып алуға қатысты дүрбелең туғызбаңыздар. Мектеп формалары ең болмаса оқу жылының алғашқы тоқсанына дейін сатып алынсын. Оқу жылы жақындағанда барып, қимылдай бастайтынымыз түсінікті ғой. Мектеп формасына қатысты анау айтқандай талаптар жоқ. Тек сіздерден өтінерім, осының барлығы уақытымен жасалсын», - деді ол.    

Айта кетелік, ҚР Білім және ғылым министрі міндетті мектеп формасына қатысты талаптарды бекітті. Енді, талап бойынша мектеп формасы үш түсті араластыра отырып, бірыңғай стильде жасалуы тиіс.