17 қаз, 2017 сағат 11:59

Сағадиев: Әкімдіктер мектептен ақпарат сұрауды доғарсын

Бүгін Үкімет отырысында ҚР білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мұғалімдер әлі күнге дейін қағазбастылықтан құтыла алмай отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz порталына сілтеме жасап.

«Қағаз түрінде есеп беру жүктемесі әлі күнге дейін сақталып отыр. Біз өзімізге қатысты дүниелерді сандық жүйеге көшірдік. Бірақ әкімдіктерде 15-тен 20-ға дейін түрлі комиссия бар. Мысалы, сыбайлас жемқорлық, кәмелетке толмаған жастар, әйелдер, жастар ісі, тәртіп бұзу бойынша және т.б. комиссиялар. Осылардың барлығы мектептерден жазбаша түрде есеп сұрайды. Сондықтан ұстаздар әлі күнге дейін есепті жазбаша толтырып жүр», - деді ол.

Сонымен қатар, министр қазіргі таңда бүкіл керекті ақпарат БҒМ Ұлттық білім беру деректер базасында бар екенін алға тартты.

«Бақытжан Әбдірұлы, әкімдерге мектептерден ақпарат сұрауды толығымен тоқтатуға тапсырма беруіңізді сұраймын. Тиісті ақпарат Ұлттық білім беру деректер базасында тұр. Біз барлығын немесе тиісті ақпараттың жартысын бере аламыз. Егер қажет болса, деректер базасын кеңейтеміз», - деді Ерлан Сағадиев.