22 қыр, 2017 сағат 10:44

Сағадиев: 0-сыныпқа арналған әліппе дайын

ҚР Парламенті Сенатында орта білім беру жүйесінің проблемаларына арналған парламенттік тыңдауда ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев 2019 жылы еліміздегі білім беру мазмұнын толығымен жаңарту процесі толықтай аяқталатынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«2019 оқу жылынан 0-сыныпты енгізу 0+11 жоспарланып отыр. Бұл он екі жылдық білім беру жүйесіне көшуге арналған. 0-сынып бес жастағы балалардың жүз пайыз бірінші сыныпқа дайындалуына жағдай жасайды. Әліппеге келсек, 0-сыныпқа арналған базалық оқулық жалпы дайын. Сынақтан өтіп отыр. Келесі жылы мұғалімдерді дайындау жұмысы басталады», - деді ол.

Кейін министр Ерлан Сағадиев еліміздегі білім беру мазмұнына тоқталды.

«Былтыр басталып кеткен жаңарған білім беру мазмұнына кезең-кезеңімен көшу жоспарланып отыр. Осы жылы 2, 5, 7-сыныптар көшеді. Келесі екі жылда біз жаңарған мазмұнға толықтай көшуді аяқтаймыз. Жаңарған мазмұнның мәні тек білу емес, сонымен қатар білімді өмірде қолдана білу», - деді министр.