28 қаң, 2019 сағат 10:33

Садриддин Ахмедов: Жеңісімді халқымның көз жасына арнаймын (Видео)

Кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанғаннан кейінгі өз әсерімен бөлісті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ассаламуағалейкум Қазақ елі! Бүгін Алланың қалауымен, өз халқымның қолдауымен əлемдік бокстағы WBC нұсқасы бойынша əлем чемпионы атағына қол жеткіздік. Сіздердің маған деген дұғаларыңызға, қолдауларыңызға алғысым шексіз. Ең бірінші еліміз тыныш, халқымыз аман болсын. 2018 жыл қазақ еліне өте ауыр жылдардың бірі болды. Қоғам қайраткері, жазушы Шерхан Мұртаза атамыздың, қазақтың маңдайында біткен жарқыраған жұлдызы, патриоты Денис бауырымыздың өмірден өтуі еліміз үшін ауыр соққы болса, Геннадий ағамыздың біз күтпеген жерден жеңілуі қаншама қазақ жанкүйерлерін жылатты», - деп жазды С.Ахмедов өзінің Фейсбук парақшасына.

Спортшы өмірден озған айтулы тұлғалардың орнын еш амал толтыра алмайтынын айта келе, бокстағы кезекті жеңісін солардың құрметіне арнады.

«Бұл жеңісімізді сол кісілердің өмірден озуы, Геннадий ағамыздың жеңілуі жəне елімізде өзге де орын алған қайғылы оқиғадан соңғы қазақ халқының көз жасына арнаймын. Еліміздің болашағына алаңдайтын қазақ жастарымыз, ағаларымыз барда, ол кісілердің елімізге арнаған еңбегі зая кетпеді деп айта аламын», - деді ол.

Сонымен қатар, боксшы үстіміздегі жылдың жастар жылы болып бекітілгенін айта келе, өз замандастарына үлкен жауапкершілік жүктелгенін ескеріп, жастарды білім алу мен еліміздің дамуына үлес қосуға шақырды.

Айта кетсек, отандасымыз бүгін Канаданың Монреаль қаласында өткен босктағы кезекші жекпе-жегінде Мексика боксшысы Абрахам Хуаресті (13-2, 5 КО) 4 раундта уақытынан бұрын жеңіп, WBC нұсқасы бойынша жастар арасында бірінші орта салмақта әлем чемпионы атанды.