15 қаз, 2018 сағат 11:10

Садеқ Һедаяттың "Соқыр байғыз" романы қазақ тіліне аударылды

Аудармашы, парсы әдебиетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Айнаш Қасым Садеқ Һедаяттың "Соқыр байғыз" романын қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".   

Садеқ Һедаят (1903-1951) – ирандық жаңа дәуір әдебиетіндегі проза жанрының негізін қалаушылардың бірі. Һедаяттың шығармаларының арасында «Соқыр байғыз» – Иранның проза жанрында жазылған әлемдік деңгейдегі ең танымал шығарма.

«Соқыр байғыз» – парсы тіліндегі модернистік сипаттағы сюрреализм бағытында жазылған алғашқы романдардың бірі әрі Һедаят шығармашылығының шыңы саналады. Француз жазушысы, сюрреализм бағытының негізін қалаушы Андре Бретон «Соқыр байғыз» романын жиырмасыншы ғасырдағы жиырма әдеби жауһардың қатарында атады.

Америкалық жазушы Генри Миллер де бұл роман жайлы айтқан сөзінде: «Һедаяттың «Соқыр байғызы» – мен бір күні сол сияқты жазуды армандайтын шығарма. Бұл сияқты шығарманы ешбір тілден кездестірмедім. Оны шынымен жақсы көремін» деді.

Ирандық кинорежиссер, жазушы, аудармашы Дариуш Меһрджуи «Соқыр байғыз» романын Иранда пайда болған модернистік әдебиеттің алғашқы шығармасы, Еуропада бір жарым ғасыр бұрын пайда болған ағымның жалғасы, өзі жайлы хабардар адамның көрінісі мен адамзат тағдыры мәселесінің талқылануы деп бағалады. 

«Соқыр байғыз» (1937) әлемнің отызға жуық тіліне аударылған. Роман түпнұсқа тіл – парсы тілінен қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып, оқырманға ұсынылып отыр.

Кітапқа Һедаяттың аллегориялық астармен экзистенциалистік бағытта жазылған «Бұралқы ит» (1942) повесі де енді.

«Бұралқы ит» – Садеқ Һедаяттың 1941 жылы жарық көрген қысқа повесі. Повестің сюжеті иесінен көз жазып қалған «Пат» деген шотландиялық асыл тұқымды иттің қатігез адамдар тарапынан тепкіге ұшыраған сергелдең, аянышты жай-күйіне құрылған. 

Иранның жаңа дәуір әдебиетінің көрнекті өкілі Джалал Але Ахмад Һедаяттың «Бұралқы итін» саяси шығарма деп атап, «Зиялыларға қызмет және қиянат» атты кітабында: «... Һедаяттың ең үздік шығармасы – бөтен әлемге тиесілі, бұрын басқа иесі болған, қазір біздің шынайы әлемімізде жатқа айналған, теперіш көріп, күре жолдың бойында арам қатқан сол «Бұралқы ит». Бұл – өз жерінде отырғанымен ол жерге жат, дайым басқа жерді, басқа иені аңсап тұратын батысшыл зиялыларға қатысты жағдайды растайтын тұспалдың нағыз өзі. Аспан әлемін, періштелердің дүниесін армандаған дәл Хайям сияқты» деген. 

Кейбір сыншылар бұралқы итті Һедаяттың өзінің символдық прототипі санаған. Һедаяттың өмірі мен шығармашылығы жайлы еңбектер мен мақалалардың көптігі – оның Иранның зиялы қауым өкілдеріне терең әсерінің белгісі.