23 мам, 2019 сағат 13:00

Саакашвили Зеленскийден өзіне Украина азаматтығын қайтарып беруді сұрады

Грузияның бұрынғы президенті, Одесса облысының экс-басшысы Михаил Саакашвили Украина президенті Владимир Зеленскийден өзіне Украина азаматтығын қайтарып беруді сұрады. Бұл туралы Саакашвилидің хатын Зеленский әкімшілігіне тапсырған адвокат хабарлады, деп жазады Азаттық.

Хатта саясаткер Украина Конституциясы мен "адамды азаматтықсыз қалдыруға болмайды" деген халықаралық ережеге қайшы келсе де, Киевтің өзін азаматтықтан айырғанын айтады. Ол Зеленскийден елге кіріп, сотта өз құқығын қорғауға рұқсат беруді сұрайды. Саакашвили хатта өзіне "ешбір лауазым қажет емесін" жазған.

2004-2013 жылдары Грузияны басқарған реформатор Саакашвили 2015 жылы Украина азаматтығын қабылдап, Грузия азаматтығынан айырылған. Сол кезде оны Украинаның экс-президенті Петр Порошенко Одесса облысының губернаторы етіп тағайындаған. Саакшавили бұл қызметті аз уақыт атқарды да, 2016 жылғы қарашада үкіметті жемқорлықпен күресіне кедергі жасады деп айыптап, отставкаға кеткен. Содан кейін президентті қатты сынай бастаған.

2014 жылғы батысшыл Еуромайдан шеруінен кейін Ресейге қашқан Виктор Януковичтің орнына сайланған Петр Порошенко былтыр шілдеде шетелде жүрген Саакашвилиді Украина азаматтығынан айырған. Украина билігі Саакашвилиді Януковичтің "қылмыстық тобына қатысы бар" және "Ресейдің Киевке қарсы арандату жоспарының бір бөлігі" деп айыптайды. Грузия президенті болып тұрған кезінде Ресеймен қарулы қақтығысты бастан өткерген Саакашвили бұл айыптауларды "абсурд" деп сипаттайды.

Михаил Саакашвили ресми түрде азаматтығы жоқ адам деп танылып, Нидерландта тұруға ықтияр хат алған.