23 сәу, 2018 сағат 07:29

Рүстем Есдәулетов есімі жастар театрына берілсе…

Осыдан бірер жыл бұрын облыс орталығының өнерсүйер жұртшылығы үлкен қуанышқа бөленді. Өскеменнің ең көрікті жерінен қазақ драма театры бой көтерді. Айта кету керек, көп жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе облыстың бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевтың тікелей араласуымен жүзеге асты. Бүгінде театр өскемендіктердің көзайымына айналып отыр. Оның үстіне осы театрдың жанынан Жастар театры және ашылып, барша жұртты қуантты.

Әрине, мұның бәрі жақсы-ақ, бірақ бір «әттең-айы» болмаса. Бұған дейін облыстық Жамбыл атындағы драма театры атанып келген мәдениет ошағы жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін, неге екенін кім білсін, оған алып жырауымыздың аты қайта берілмеді. Ендігі мәселе – осы театрдың атаусыз тұрғанында. Қазір театрдың жаңа ғимараты маңдайшасында ТЕАТР деген жалғыз сөз жетімсіреп тұр. Заты бар театрдың аты да болуы керек қой. Кез келген облыстық театрдың өзіне лайық атауы бар.

Шындығында, бұл театрға марқұм Рүстем Есдәулетовтің аты сұранып тұр емес пе? Жалған дүниемен жастай қоштасқан Рүстем бауырымыз осындағы қазақ труппасының іргетасын қалаған  режиссер болды. Білікті жас маман бірнеше классикалық пьесаны сахналап, аз уақыттың ішінде қазақ труппасын биік белеске көтере білді. Қазан қаласында өткен түркітілдес театрлар арасындағы байқауда шығысқазақстандық театрдың жүлдегер атануы  осы айтқанымызға дәлел.

Сол бір тұста республикалық басылымдар мен телеарналарда режиссер Рүстем Есдәулетовтің еңбегі ерекше аталып жатты. Асанәлі Әшімовтің өскемендік көрермендер алдында  Рүстемді «болашағынан зор үміт күттіретін жас режиссерлердің бірі де бірегейі» деп атағаны есімізде. Дуалы ауыздан шыққан аталы сөздің жүзеге асары сөзсіз де еді, режиссерлік дарыны жаңа ашылып, театр өнері әлемінде жұлдыздай жарқырап  келе жатқан жас ғұмыр ерте үзілмегенде… Рүстем талантты ақын да болатын, кино саласына да қадам басып келе жатқан еді. Кейінгілер өмірде осындай дарынды жас жерлестерінің болғанын біліп жүруі үшін де жаңа ғимараттың маңдайшасында «Рүстем Есдәулетов атындағы драма театры» деп жазылып тұрса, нұр үстіне нұр болмақ.

Уақыт шіркін неткен жүйрік десеңізші! Өнер аспанында енді жарқырап келе жатқан дарын иесінің жұлдыздай ағып түскеніне де бірнеше жылдың жүзі болыпты. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында республиканың күллі өнер қайраткерлері мен өнерсүйер қауымын ерен талантымен мойындатып кеткен Рүстем бауырымыздың ортамызды ойсыратып кеткені өкінішті-ақ.

Мұрат ӘМІРЕНОВ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері

Өскемен қаласы

"Жас Алаш" газеті