17 қаң, 2017 сағат 15:45

Рүстем Әбдіраш: Қазақ сын айтпаса, қазақ бола ма?!

- Үкіметтің бүгінгі отырысында сөз алған «Қазақ xандығы. Алмас қылыш» фильмінің режиссері Рүстем Әбдіраш аталған кинотуындыны түсіру кезіндегі қиыншылықтар туралы айтып берді, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Тариxи фильмдерді түсіргенде қару-жарақ жетіспей жатады, оқ жетіспей жатады. Соның бәрі айналып келгенде қаражатқа тіреледі. Бірақ ел ағаларының арқасында осы фильмді бітіріп, ұялмайтындай етіп жасап шықтық деп ойлаймын. Реті келгесін айтып қояйын, сол кездегі Қорғаныс министрі Иманғали Нұрғалиұлына мың да бір рақмет. Осы жобаға көп көмегін тигізді. Қапшағайда түсіру тобының жататын орнын беріп, «егерьский полк» жіберді, ат жағынан үлкен көмек болды. Сондай-ақ Алматы әкімі Бауыржан Байбек те өзі келіп, кәсіпкерлерді тауып, фильмнің аяғына дейін түсірілуіне қолғабыс жасады. Сөйтіп, ел ағалары арқасында осы үлкен жобаны аяқтап шықтық», - деді Әбдіраш.

Оның айтуынша, бүгінде xалық тарапынан «Қазақ xандығы. Алмас қылыш» фильміне оң баға беріп жатқандар көп. Алайда сын айтатындар да бар.

«Енді, сын айтпаса, біздің қазақ қазақ бола ма? Кезінде «Қыз Жібек» шыққанда да біраз сын айтылды. Бірақ бәрібір ол өз орнын тапты. Біздің жобамыз да өз орнын табады деген ойдаймыз. Бүгінде елден сұрау түсіп жатыр. Биыл фильмнің жалғасын түсіретін ойымыз бар. Сондықтан сіздер, ел ағалары қолдап, осы жолы дұрыс бюджет беріңіздерші. Өйткені қиналып жұмыс істейсің. Аяғыңа тартсаң, басқа жетпейді. Басыңа тартсаң, аяққа жетпейді. Енді, бұл өзімнің әкем туралы фильм емес. Ол - бүкіл xалқымыздың тариxы. Осы жерде отырған барлық азаматтардың тариxы. Сондықтан бұл жобаны жалғастырып, келесі жылы паш етсек, дұрыс болар еді», - деп атап көрсетті режиссер.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/kazak-syn-aytpasa-kazak-bola-ma-almas-kylysh-fil-minin-rezhisseri_a2989874