15 там, 2019 сағат 12:03

Руслан Қайыргелді, теолог: «Қазақ дәстүрінің көбісі діннен алынған»

Бүгінде аса діншілдер салт-дәстүрімізге асыра сілтеп, көп нәрсені жоққа шығарып жүргені жасырын емес. Бірақ арнайы білімі бар теолог мамандар қазақтың салт-дәстүрі мен діннің егіз ұғым екенін айтып-ақ келеді. Осы орайда Ult.kz ақпараттық порталы дін мен салт-дәстүрге қатысты көпшілікті мазалаған сауалдарды Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының жанындағы «Кеңес беру және оңалту орталығының» теологы Руслан Қайыргелдіге қойып көрді.

–Руслан, әңгімемізді қарапайым адамдардың адасуынан бастайықшы. Дін жолында адасқанда ең бірінші неден қателеседі? Олар үшін сіздер қандай жұмыстар атқарып жатырсыздар?

–Жалпы қарапайым халықтың адасуы шын мәнінде я діни сауатсыздықтан болады, я шынын айтқан кезде өзінің ата дінін, дұрыс білмегендіктен болады. Атам заманнан ата-бабаларымыз имам болған ғой. Сол ата дініміз бен дәстүрді дұрыс білмегендіктен шатасады адамдар. Себебі қазақ халқының дәстүрінің көбісі діннен алынған нәрсе. Қарапайым мысал, еліміздің кей өңірлерінде келіннің сәлем салуы деген дәстүрі бар. Қазіргі таңда осыған өзге жат ағымның барлығы тыйым салады. Не үшін? Себебі ол жерде әйел адам адамға рукук жасайды деп айтады. Рукук тек Құдайға жасалады дейді. Ал ол бір сәләфи ракурстан қараған кезде солай көрінеді, бірақ адами және шынайы мұсылман ракурстан қарасаңыз, ол жерде ешқандай да бір күнә нәрсе жоқ. Керісінше бұл жерде өте-өте сауапты іс және өнегелі дәстүр. Неге? Біріншіден, келін үйде болған кезде күйеуінің жолдастары, көршілері үйіне кіріп келген кезде кей өңірді алсаңыз, олар қолынан ұстап, бетінен сүйіп, құшақтап отыра береді. Ал кей жерде келін сәлем сала ма, ары қарай өзінің шаруасымен кете береді, шай-пайын дайындай береді. Олар кәдімгідей арада қашықтық пайда болады. Былай айтқанша ешкім күнәға түспейді. Керісінше сүннет амал сақталып, екі жақ та күнәға түспейді. Мен соны сәләфилерге «сендер осындай нағыз керемет дәстүрді теріске шығарып, керісінше адамдарды күнәға итеріп жатсыңдар» деп айтамын. Осы жерден ойлап қарасаң, адам, қарапайым халық дәстүрді жақсы білетін болса, көп нәрсе шынымен діннен алынған ғой. Қарапайым ысырапқа келетін болсақ мысалы, қазақ жалпы ысырапқа қатты көңіл бөлген ғой. Дәстүрімізде балаға ат қоюдан бастап, қой союдан бастап, кәдімгі шариғатта сүннетте бар, ұл туса қанша қой, қыз туса қанша қой, жолдары, таратылуы дегендей. Бізде де қалжа, құрмалдық деген міндетті түрде болады ғой, құрбан шалу, қой тарату. Енді атеистік жетпіс жылдық заманда дінді ұстанып қалу үшін ата бабаларымыз дана болғандықтан, осындай дәстүрге айналдырған ғой. Сол дәстүр арқылы халық діннен алыстаған жоқ. Егер қарапайым халыққа келетін болсақ, сол күйінде дәстүрді жалғастыратын болсақ, еш уақытта адаспайды. Ал ол үшін енді діни сауатын арттыру керек. Бір жағынан он жыл бұрын имамдардың кішкене білім деңгейінің төмендігінен болды деп айтсақ болады. Қазіргі заманда имамдар өте білімді, қатарлары өте білімді имамдармен көбейіп жатыр. Бір университет, тоғыз медресе бар. Енді уақыт өте келе халық діни сауатты болады деп ойлаймын. Бірақ қазіргі уақытта осы дәстүр мен мешіттегі имамдарды тыңдаса, адаспайды деп ойлаймын.

–Адасып жүріп, ортаға оралғандар қандай болады? Олар орала ма?

–Оралады. Бірақ біреудің ойын өзгерту өте қиын нәрсе. Ең қиын нәрсе сол деп ойлаймын мен. Керісінше, басқа дінде жүрген адамды мына дінге көндіру оңай. Бірақ Қазақстанда ешкім көндірмейді, бізде діни еркіндік бар ғой. Бірақ дінде жүріп ойын өзгерту өте қиын. Енді бір-екі жыл, ары кетсе төрт-бес жыл сол бағытта болса, өзгертуге болады.  Ал он жыл жүріп қалғандар тіпті кете береді екен. Әу бастан бір антивирус қойып қойған, сонымен сол энерциямен жүре береді, оларға түк қызық емес. Жаңаларын оңалтуға болады, бірақ ол кей уақытта қауіпті де. Егер психологиялық мықты азамат болса, тұлға ретінде мықты позициясы бар жігіт болса, ол ары қарай оп-оңай өмір сүре береді. Көбінесе байқасаңыздар, бір мемлекетте ұлты аз халық өте ұйымшыл болады ғой, сол сияқты олар да өте ұйымшыл. Қандай мәселеде де. Мысалы, бір-біріне жұмыс тауып беруде, бизнесті қолдауда. Қазір мысалы аксекссуар, телефон сату, телефон жөндеу, автоматериалдар мен түрлі материал көбісінде осы жат ағымның жетегінде кеткендер жұмыс істейді. Жеке кәсіптерде де. Алматыны алатын болсақ, Алматы қаласы шағын және орта бизнеске бейімді қала ғой. Көп аудандардан осында келіп жұмыс істейді. Және бір-біріне қолдау берген кезде  қатты береді, тартады, кәдімгідей ақша береді, және оны пайызсыз береді. Кәсіпке икемі бар ма, қолдай береді. Енді шынтуайтына келген кезде  олар бір нәрсеге тәуелді болады. Мысалы, мен райынан толық қайтқан Айтолды (аты-жөні өзгертілді – ред.) деген жігітті танимын. Мен оған талай айттым,  «сені қолданып, шын ақпарат берейік, сұхбат алайық, сенің атыңды, түріңді өзгертейік, видеоға-сайтқа түсіріп, сен бәріне түсіндір. Сен олардың арасында болдың ғой, соның ішінде ненің қалай болатынын бәрін егжей-тегжейлі бәрін айт, жастардың бәрінің алдын алу керек» дегенмін. Ал ол  «Маған олар көмектесті ғой, қол үшін берді ғой. Менің қазіргі барым, барлығым солардың арқасында, бір-ақ сәтте мен оларға қалай қарсы шығамын» деп бетбұрады. Олар енді тұлғалық әлсіз (үрейден арылмаған) болады ғой, әлсіз болған адам ұялады. Кәсібін тартып алмаса да бетбұрады, ол далада жалғыз қалғандай болып сезініп қалады. Сондай әлсіз адамдар да бар, оларды енді қайтадан қоғамға бейімдеу қиындау болады.  Адамның өзіне байланысты. Мысалы егер мықты жігіт болса, өзінің ойын, позициясын ұстай алатын болса болса, қайтадан қоғамға сіңісіп, жүре ала беретін болады. Ол жағынан ешқандай проблема жоқ.

–Жалпы оңалту жұмыстарына көнбейтін қиын азаматтар кездесті ма тәжірибеңізде? Олармен қалай жұмыс істедіңіз?

–Көнбейтіндер өте көп. Көбінесе көнбейтіндер осы бағытта 10 жылдап тәжірибесі бар адамдар. Біз оларға айтамыз: «Сендер шын мәнінде ақиқатты  деп келетін болсаң, көнесің. Себебі ақиқат міне, ол мына кітап, ол бұрынғы Абу Анифаның кітабы, Имам Абу Жаппар Тахауидың кітабы,  сенің Шейх, ұстаз деп жүргендеріңнің сөзі мынау» деп салыстырып тұрып көрсеткен кезде, кейбіреулер шынымен ойланады.  Мәселен, олардың ең қаймағы Шейх Мумбар деген кісі болған,  сол кісінің айтқаны бар. Ол кісіге сұрақ қояды, «намаз оқиды, калима шахаданы біліп, ораза ұстап, бірақ намаз оқымаған адамның жағдайы не?» деген кезде ол кісі «Ол адам қалай да болса кәпір» деп айтқан. «Мысалы сенің туысқаның намаз оқи ма, әке-шешең намаз оқи ма, жоқ оқымайды. Енді сенің мына ұстазың, қаймақ-шейхтардың өзі ондай адамды кәпір деп отыр. Онда Қазақстанның 75-80 пайызын кәпір деп отыр ғой» дейміз. 11 млн ресми мұсылман болатын болса, оның бәрі намаз оқымайды ғой. Кез келген қазақты алсаң, «әлхамдулла, мен мұсылманмын» деп тілін кәлимаға келтіріп, намаз оқымайды. Солардың бәрін күпірлікке шығарып отыр олар. Сол кезде кейбіреулер шынымен ойлана бастайды. Интернетте қолжетімді, шынымен арабшалап тұрып айтқан. Бірақ олардың ұстаздары пенде ғой, қателеседі, кездескен жерлерде көп дәлелдер келтіреміз. Мысалы Назаратулла деген ұстаздары бар. Сол Назаратулла олардың пайымдауынша 20 жыл білім алған Шейх Абулла Бухари деген сияқты ғалымдар бар. «Солардың алдында бірнеше жыл отырып, мына Шейх Бухариды бітірдім, Муслимді бітірдім, Сахиф Муслимді бітірдім, құжатым бар» деп айтқан ғой. Сол ұстаздардан оқығаным туралы құжатым бар, ол «иджаза» деп аталады. Артынан ол кісіде «иджазасы» болмай шықты. Сосын өзі жазып айтады: «Жігіттер, бауырлар, мен қателесіппін, мен отырдым, кітапты бітірдім, бірақ мен құжатқа қызықпағам, былайша айтқанда дипломға қызықпадым, білімге қызықтым» дейді. Сөйтіп олар кешіре салады. Барлығы ол қалетесті, пенде ғой, бәріміз қателесеміз деп кешіреді. Мен айтамын: «жігіттер, «тазкия иджаза» деген қателесуге болмайтын нәрсе. Адам атын, хадисті, тізбек бойынша сахабаның атын ұмытып қалдың, тіпті аят пен хадисті шатастырып алдың кешірімді нәрсе. Пенде болған соң, ондай болады. «Тазкия  иджаза» деген мынамен тең: сен мектепте 11 жыл бойы  екілікпен оқып, мектеп бітірдің. Сосын басқа қалаға барып мен үздіка оқығанмын, отличникпін алтын белгімен бітірдім деп айттың бәріне. Сөйтіп, соңынан арты ашылып, ол жалған екені анықталады. Ал сен: «Жігіттер, ренжімеңдер, мен қателесіппін. Мен алтын белгі емеспін, «двоечник» болдым» дейсің. Сондай ғой, ол олай қателесетін нәрсе емес. «Иджаза» бар деп айту үлкен өтірікші, суайт деген сөз. Сол кезде көбісі қашан, қай жерде айтқан деп таңғалады. Міне деп көрсетем. Сол сияқты Ділмурад та қандай үлкен сәлем салу дәстүрді ширк деп жатыр. Ширк деген Құдай кешірмейтін күнә ол. Былай ішкі жағынан қарасаң, керісінше, өте сауапты іс. Әйел мен еркек қол ұстаспады, бет сүйіспеді. Сен сауапты істі ширк деп жатсың. Көбісі осындай нәрселерді түсіндірген кезде, ақиқатты іздеп келген бауырлар өздері кәдімгідей ойланып қалады. Егер шынымен зомби болып қалып, қатып қалған адамдар шын мәнінде қиындық тудырып жатады. Бірақ біз ешкіммен ұрыс-төбелеске бармаймыз. Ең бірінші біз диагноз қоюға тырысамыз. Диагноз қойғаннан кейін, дұрыс диагноз қойып жатсақ, ары қарай жұмыс істеу оңайырақ болады. Адамның сол қолы сынса, оның оң қолын қанша емдесең де пайдасы жоқ қой. Бірақ біздің ең қатты мән беретініміз осы БАҚ өкілдерінің де, құзырлы органдарының да ылғи мына матхалып бағыттағы сәләфилерді солардан қауіп бар деп айтып жүргені бар. Себебі олар өте «хитрый» жағдайда. Оларға қазір өтірік айта салу оп-оңай, бұрын ондай емес еді. Сол себепті қазір «Басшыға бағынамыз, Президентке бағынамыз, Конституция Құраннан алынған, бәріне бағынамыз-бағынамыз» деп келеді да, діни басшыға неге бағынбайсың деген кезде «Оған міндетті емеспіз» дейді. Муфтиға, мешіттегі имамға бағынбайды, мысалы.

Сол секілді ертең олардың Шейхтары қанат жайып көбейген кезде бір-ақ ауыз сөз жетеді, бір-ақ ауыз сөзбен олардың ұстанымын өзгерте салады екен. Олар бір ғана сөз айтса, бәріне әсер етеді. Мысалы «Қазақстанда мына адам кәпір, жиһадқа шығыңдар» дей салатын болса, Алла сақтасын, олар ұстанымын өзгерте салады. Өйткені олар ылғи ұстанымдарын өзгерте беретін секта. Болашақта осындай қауіп бар. Осыны да ескеруіміз керек сияқты.

–Біз радикалды идеяларды қолдаушылар мен террористерді бір деп қарастырып жүрген сияқтымыз? Осы дұрыс па?

–Жоқ, бір деп айтуға болмайды. Себебі жалпы террорист деген сөз бандит деген сөз, қанішер деген сөз. Радикал, бандит, кісі өлтіруші, бәрібір қанішер адам ғой шынымен. Бірақ діни-радикалды деген болмайды. Мысалы, кешегі Ақтөбедегі жағдайды діни-радикалды деп жатыр, ол діни емес, шынайы радикалды жағдай. Пайғамбарымыз мұсылмандарда ешуақытта тілмен де, қолмен де зиян тигізбейтін адам болу керегін айтқан. Егер шынайы мұсылман болатын болса ол адам, еш уақытта қару көтеріп, өзінің мұсылман бауырына қантөгіс жарияламақ түгілі тілмен де, қолмен де зиян тигізбеуші еді. Қазір ислам бар, терроризм бар. Екеуі бір-біріне қайшы нәрсе. Бірақ өкінішке қарай оны бір деп қарап, бір деп жеткізеді халыққа. Тіпті Ақтөбедегі сотталған жігіттің анасы «кезінде балам ішімдік ішіп, нашақор болып еді. Кейін мешітке барып, жігіттермен араласып, осы жолға түсіп кетті. Қазір өкінем, сол бұрынғыдай кәпір күйінде өтіп кеткені дұрыс еді, намаз оқығаннан гөрі» дейді. Дін дұшпандары қазір таза исламды осындай құбыжық ретінде көрсетіп тұр. Баяғыда шынымен балалар намаз бастаса ата-аналар қуанатын. Қазір мешітке барып жүрсе, намаз оқимын десе ата-аналар қорқатын болды. Міне осылай дінге қатысы жоқ дін дұшпандары исламды құбыжық ретінде көрсетіп қойды. 

–Жат ағымға еріп кеткендерді біз қалай танимыз?

–Қазір оны тану мүмкін емес. Бұрынғыдай сақал мен балаққа қарап тану деген қате түсінік. Оның үстіне сақал қазір сәнде, трендте ғой. Сондықтан адаммен сөйлесіп, оның аузынан шыққан әңгімелерін тыңдау арқылы ғана анықтамайынша, сырт келбетінен диагноз қою дұрыс емес. Анализ жасағаннан кейін бір-ақ ол туралы айтуымызға болады.

–Әңгімеңізге рахмет!

Ақбота Мұсабек