20 мам, 2019 сағат 12:50

Роботтардың адам өміріне әсері қандай?

Бүгінде роботтардың адам өміріне әсері айқын сезіле бастады. Оның тұрмысқа тигізер әсері, қажеттілігі уақыт өткен сайын арта түсті. Технология дами түскен сайын роботтардың саны артып, түрлі салаларда оң өзгерістер болып жатыр.  Бүгін біз соңғы жетістіктерге сүйене отырып, роботтардың адам өміріндегі орнын нақты мысалдармен сараптап өтуді жөн көрдік.

Робот дегеніміз не?

Ең алдымен «робот дегеніміз не» деген сұрақтың жауабын тауып алайық. Бұл ұғымның нақты бір ресми анықтамасы жоқ. Десек те, роботехника мамандары «өзі қозғалатын немесе қозғалмалы бөліктері бар және өз қимылы арқылы шешім қабылдайтын машинаны» робот деп санайды.

Сол себепті, үйден шығар кезде қосып кететін шаңсорғышыңызды «робот» деп атауға болады. Шаңсорғышыңыз айналасын сезу арқылы үйді жиыстырғанда не істеу керектігін өзі шеше алады.

Ал кір жуғыш машинаны роботтар қатарына жатқызы алмаймыз. Себебі, оның жұмыс ретін сіз таңдай аласыз, ол тек бұйрығыңызды бұлжытпай орындайды. Әрине, бұл тақырыптың даулы тұстары жетерлік. Қазіргі кезде бұл анықтама төңірегінде қызу пікірталастар жүріп жатыр.

Азық-түлікті іріктейтін роботтар

Өткен аптада күріштен тамақ дайындадыңыз делік. Оның әр дәнін өткір, көзді жүйесі бар роботтандырылған машина іріктеген. Күріш сұрыптайтын машиналар – автоматтандыру саласының таңғаларлық жетістігі. Алайда жұрттың көбісі ол туралы хабарсыз. Жалпы, күріш дүкендегідей түсі мен пішіні біркелкі дәндер түрінде өнім береді деп ойлайсаңыз, мүлде қателесесіз.

Күрішті түсіне қарап іріктеу

Күріштің әр дәні өте жүйрік камералармен, жарық пен компьютер пайдаланылатын роботты машина арқылы өтеді. Компьютер әр дәннің суретін сараптап, оны қай сұрыпқа жатқызу керектігіне қатысты шешім қабылдайды. Қажетті ыдысқа бағыттау үшін ауа ағынын қосып не ажыратып тұрады. Бұл қимылды секундына жүздеген рет қайталайды.

Осылайша, роботтар түрлі дақылды іріктеп отырады. Бүгінде бұл нарық қарқынды түрде өсіп келеді. Қазіргі таңда бидай, бұршақ және өсімдік тұқымдарын сұрыптайтын роботтар жұмыс істейді.

Медиктерді үйрететін роботтар

Роботтардың қажеттілігі медицина саласынада да айқын көріне бастады. Көптеген дәрігерлер мен медбикелер робот түріндегі науқастар арқылы  арнайы жаттығулар жасайды екен.

Бұл роботтар медиктерге ауруды емдеудің жолдарын білуге мүмкіндік ашады.  Яғни, адамдарға сынақ жасамай-ақ, сырқат түрін шатаспай анықтап, ем әдістерін дұрыс қолдануға үйретеді. Мұны ұшқыштарды көкте самғауға жаттықтыратын симуляторлармен салыстыруға болады.

Кейбір медициналық роботтардың бойы да, жүзі де кәдімгі адаға ұқсайды. Ал арнайы мамандандырылған өзге түрлері адам ағзасының бір бөлігі түрінде болуы мүмкін.

Полицияны жаттықтыратын роботтар

Тонау кезінде қарулы қарақшылардың қолына түсіп көрдіңіз бе? Әрине, мұндай оқиғаға душар болмадыңыз деген үміттеміз. Десек те, егер осындай жағдайға түссеңіз, кепілдерді босатуға қатысқан полиция шұғыл қимыл тобындағы мергендерді роботтардың көмегімен дайындаған болуы ықтимал.

Сиднейдегі «Marathon Targets» компаниясы жоғары өнімді, жылжымалы роботтарды сатумен айналысады. Әскер мен полиция жаттығу кезінде оларға оқ ата алады. Сол себепті, құрышпен қапталған бұл роботтар нағыз қару қолданылатын жаттығу кезінде нақты нысан ретінде пайдаланылады.

У шығаратын роботтар

Өміріңізде дәрі ішіп көргеніңіз анық. Бұл дәрі безгекке қарсы немесе иммуналық жүйені басуға арналған болса, оның құрамында сары шаянның уы болуы мүмкін. Осы жәндіктердің уын алу адам үшін қауіпті екені сөзсіз, бірақ роботтарға еш зияны жоқ.

Кәріз жүйесін тазартатын роботтар

Әдетте біз кәріз жүйесі туралы көп ойланба бермейміз. Егер ол істен шықса ғана, бірден назар аударамыз. Бұл әлемнің көптеген қалаларында үлкен мәселеге айналған. Бүгінгі таңда кәріз жүйесін тексеру мен тазартудың маңызы арта түсті. Алайда, енді осы ауыр істің де шешу жолдары табылды. Кәріз жүйесін тазартатын роботтар бұл мәселеде көмекші бола алады.

Роботтар мен сауда

Дүкен аралап, онлайн түрде тауарға тапсырыс берген кезіңіз болды ма?  Ал, сатып алған заттардың көбісін сауда орнына жеткізу үшін роботтар қоланылатынын білесіз бе?

Бүгінде контейнерлер тасымалымен айналысатын кейбір теңіз айлақтары жартылай автоматтандырылған. Кран басқаратын адамдар үлкен контейнерлерді кемелерден жерге түсіреді.

Осыдан кейін роботталған үлкен крандар жұмысқа кірісіп кетеді. Олар айлақ аумағында қозғалып, контейнерлерді жинап, бір ретке келтіреді. Дайын болысымен автоматты түрде жүк көліктеріне тиеледі.

Қоймаларда қолданылатын роботтар

Қоймалардың көбісі де жылжымалы роботтарды пайдаланып жүр. Бұл істі автоматтандырудың үлгісі ретінде «Amazon» компаниясын мысалға келтіруге болады. Әйгілі компания өз қоймаларын жылжымалы роботтардың сөрелерді тасу ыңғайына байланысты арнайы салған.

«Amazon» 2012 жылы қоймаларындағы роботтардың өз табысына қосқан үлесін сезіп, оларды шығарған компанияны 775 миллион долларға сатып алған.

Робот жасау саласында болып жатқан революция

Біз бүгін өткен аптада роботтардың тұрмысыңызға әсер еткен алты мысалын ғана сөз еттік. Әрине, тағы да оншақтысы аталмай қалды.  Біз бұл тізімге көзге айқын көрінген өзгерістерді ғана қостық.

Ақпарат құралдары робот жасау саласындағы болашақ революция туралы жиі жазады. Бірақ бұл бүгіннің өзінде болып жатқан үрдіс. Алайда адамдардың көбісі оны әлі толық аңғармай жүр.