17 мау, 2019 сағат 13:46

Роботтар сізді жұмыссыз қалдыруы мүмкін бе?

Соңғы кездері автоматтандыруға қатысты «қорқынышты» әңгімелерді жиі еститін болдық. Әсіресе көпшілігі өз жұмыс орны үшін алаңдайды. Өйткені «бізді роботтар алмастырып, миллиондаған адам жұмыссыз қалады» деген ой көп айтыла бастады.  

«Соңғы жылдары жасанды интеллект құдды бір ғажайып технология ретінде асыра әспеттеліп жүр. Ал шын мәнісінде ол әлі даму үстінде. Екінші жағынан жасанды интеллектке қатысты сынның бәрі бірдей орынды деуге де келмейді», - дейді «PwC» компаниясының жасанды интеллект департаментінің басшысы Роб МакКаргоу.

«PwC» басшысы жасанды интеллект қоғамға кері әсер етуі мүмкін деген күдікті жоққа шығармайды. Десе де, «бұл технологияның тек жағымсыз жақтарына ғана тоқтала берсек, оның артықшылықтарын пайдаға асыра алмауымыз да мүмкін» дейді ол.

Бұл жайында сарапшылар не ойлайды? «Future Advocacy» аналитикалық орталығының баяндамасына сүйенсек, 2030 жылдардың басында  Ұлыбританиядағы жұмыс орындарының 30 пайызға жуығы автоматтандырылуы мүмкін. Ал «Deloitte» компаниясының 2017 жылы жүргізген зерттеуі мынаны көрсеткен: кадрлар бөлімі мен компания басшыларының 20 пайызы жасанды интеллект салдарынан жұмыс орындарын қысқартуға ниетті екен. Бір қарағанда, мұны жағымды беталыс деуге болмайды.

«Алдағы жылдары автоматтандыру үрдісі экономикаға айтарлықтай әсер етеді. Мұнымен экономистердің барлығы келіседі деп ойлаймын», - дейді «Future Advocacy» аналитикалық орталығының бас директоры Олли Бастон.

Бірақ жойылған жұмыс орындарын алмастыру үшін қанша жаңа жұмыс орнын құру керек деген сауал туындайды. Бұған қатысты экономистер түрлі пікір айтуда. Жуырда Дүниежүзілік экономикалық форумда жасалған баяндамаға сүйенсек, алдағы 10 жылда роботтар 75 миллион жұмыс орнын ығыстырса, есесіне автоматтандыру нәтижесінде 133 миллион жаңа жұмыс орны пайда болмақ. «McKinsey Global Institute» компаниясының да болжамы осыған саяды. Компания өкілдерінің пікірінше, 400-800 миллион жұмыс орнына жойылып кету қаупі төніп тұрса да, автоматтандыру және жасанды интеллект арқасында көптеген жаңа жұмыс орындары ашылуы мүмкін.

«Автоматтандыру үрдісі бизнестің тиімділігін арттырады», - дейді Роб МакКаргоу. Оның пікірінше, жұмысы роботтардың қолына өткен қызметкерлер аса күрделі мәселелермен айналыса алады. Деректерді енгізу не шығындар есебін жасау секілді көп уақытты қажет ететін, қайталана беретін және адамды жалықтыратын жұмысты оп-оңай автоматтандыруға болады. Сол кезде бұл жұмысты атқаратын адамдар зеректікті, шығармашылық пен ой өрісін талап ететін мәселелерге көп көңіл бөле алады.  

Олли Бастон да бұл ойды қуаттайды. Дегенмен жұмыс орындарын автоматтандыру үрдісін жіті қадағалау керек дейді ол.

«Жаңа технологиялар байлыққа кенелтіп қана қоймай, әлеуметтік теңсіздік тудыруы да ғажап емес. Технологиялардың көмегімен көп ақша табуға болады. Ол ақшаның бір бөлігін сол технологияларды одан әрі дамытуға бөлу керек. Сонда роботтар жалықтыратын әрі өнбейтін істерді атқарады. Ал адамдар шығармашылық және әлеуметтік шаруалармен айналысып, көбірек демалады. Болашақта осы айтылғанның бәрін іске асыруға болады. Тек билікпен бірге жұмыла әрекет етіп, барынша күш салу керек», - дейді Олли Бастон.

«Future Advocacy» аналитикалық орталығы өкілдерінің айтуынша, мұнда биліктің қолдауы аса маңызды. Мысалы, жұмыс орындарының қысқаруын реттейтін стратегия қажет. Онда автоматтандыру үрдісінің түрлі аймаққа қалай әсер ететіні ескерілу керек.

«Билік бұл үрдіс кесірінен жұмысынан айырылған адамдарға және сол адамдар тұратын өңірлерге қаржылай және психологиялық қолдау көрсету керек», - дейді Олли Бастон.

Жеке меншік секторында да бұл өзгерістерге дайын болу үшін нақты қадамдар жасалуы тиіс.

«Қазірдің өзінде өзгерістер жүріп жатыр. Сондықтан олардың салдарына дайын болу керек. Қызметкерлері алдағы қиындықтарға төтеп беру үшін ұйым басшылары нақты шаралар қабылдауы қажет. Жасанды интеллект көп салада адамның орнына емес, онымен бірлесе жұмыс істеуі мүмкін. Сол себепті қызметкерлердің бұл айырмашылық жайлы алдын ала білгені аса маңызды», - дейді Роб МакКаргоу.

Автоматтандыру үрдісі алдындағы дайындық шаралары түрлі жолмен жүргізілуі мүмкін. Ең бастысы – қызметкерлерді өзгеріс салдарының алдын алуға үйрету. Роб МакКаргоудың пікірінше, сол кезде автоматтандыру үрдісі ұйымдар үшін де, қызметкерлер үшін оңай жүзеге асырылады.

Сара Кларк – техникалық қызметкерлер таңдау жөніндегі менеджер. Ол автоматтандыру үрдісін қолдайтынын жасырмайды. Өйткені оның айтуынша, өзі білетін ұйымдарының көбі қызметкерлерін автоматтандырылған жүйемен не жасанды интеллектпен алмастыруға асығып жатқан жоқ. Керісінше оларды оқытып, біліктілігін арттыруға тырысуда. Бұл қызметкерлерге, ұйымның өзіне де, экономикаға да пайдасын тигізеді.

Сара Кларктың пікірінше, автоматтандыру үрдісінің қарқынды дамуы сол салада жаңа жұмыс орындарын құрып, адамдарға жаңа мансап жолын бастауға мүмкіндік береді.

Жалпы автоматтандыру үрдісі экономикаға және жұмыс күшіне зор ықпалын тигізері анық. Бірақ ең бастысы бұл үрдісті жүзеге асыру кезінде адамдардың мүддесі ескерілуі қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: theguardian.com