28 мау, 2018 сағат 11:10

Риддерде жасөспірімді қағып өлтірген әкімнің бұрынғы орынбасарына үкім шықты

27 маусым күні Риддер қалалық сотында жасөспірімді көлігімен қағып өлтірген Риддер әкімінің бұрынғы орынбасары Бауыржан Құрманбаевтың ісіне қатысты сот отырысы жалғасты, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратАltaynews.kz сайтына сілтеме жасап.

Жарыссөзде прокуратура тарабы экс-шенеунікті бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Себебі, айыпталушы Құрманбаев мемлекеттік қызметкер болып табылады. Заң жүзінде прокурор сұратқан бес жыл - осы қылмыс бойынша жаза мөлшерінің ең жоғарғы шегі.

26 маусым күні өткен сот барысында күдікті қаза болған жігіттің әке-шешесінен кешірім сұрап, барлық артылып отырған кінәні мойындаған еді. Экс-шенеунік сол күні рульде мас күйінде болғанын да растады.

Естеріңізге сала кетсек, биылғы 15 сәуірде Риддердегі Айдарханов көшесі, 8-үйдің тұсында қала әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев 19 жастағы Евгений Смольниковты жеке көлігімен қағып өлтірген болатын. Тергеу анықтағандай, жол апаты кезінде көліктің жылдамдығы сағатына 88 шақырым болған. Ал оның қанынан 0,8 промилле мөлшерінде алкоголь анықталды. Прокуратура лауазымды тұлғаны өз әрекетімен мемлекеттік органдардың, биліктің беделіне нұқсан келтірді деп санайды.

Күдіктінің айтуынша, қараңғы мезгілде қарама-қарсы келе жатқан машинаның жарығы көзіне шағылысып, ол жол жиегін көрмей қалған. Соққыны сезгеннен кейін барып тежегішке басқан. Белгілі болғандай, БМВ Х5 көлігін Құрманбаев оқиғадан екі апта бұрын ғана сатып алған.

Бұған дейін қаза болған жігіттің әкесі Виктор Смольников баласының өліміне кінәлі шенеунікті кешіретінін айтып, соттан оны бас бостандығынан айырмауды сұраған еді. Ал айыпталушы тараптың қорғаушысы Бауыржан Құрманбаевтың 20 жылдан астам уақыт мемлекеттік қызмет атқарғанын, сондай-ақ қатаң жаза тағайындаған жағдайда бір отбасының қайғысы екінші отбасының қайғысына ұласатынын алға тартты. Сонымен қатар, айыпталушының әкесі өкпенің қатерлі ісігімен ауыратынын да айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот отырысына Құрманбаевтың жұбайы да қатысып, кешірім берген Смольниковтар отбасына алғысын білдіріп өтті. Айта кетсек, Құрманбаевтың 16 жастағы қызы мен 7 жастағы ұлы бар.

Сот үкімі бүгін, 28 маусым күні таңертең шығарылды. Сот Бауыржан Құрманбаевқа бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ, ол 158 000 теңге көлемінде мемлекеттік сараптамаларға кеткен сот шығындарын өтейтін болады. Жаза мерзімі қамауға алынған күннен бастап есептеледі, яғни 16 сәуірден. Бұрынғы шенеунік жазасын қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтейді.

Сот үкім жариялаған отырысқа Евгенийдің әкесі Виктор Смольников қатыспады. Ол ғимараттың сыртында күтіп жүрді. БАҚ өкілдеріне сот үкіміне қатысты пікір білдіруден бас тартты.