03 жел, 2016 сағат 13:44

Ресейдің Тува аймағында "Прогресс" ғарыш кемесі сынықтары табылған

«Прогресс МС-04» жүк кемесін тіркеген «Союз-У» зымыран тасығышының Байқоңырдан ұшырылған сәті. 1 желтоқсан 2016 жыл.

Әуеде апатқа ұшыраған «Прогресс МС-04» ғарыш жүк кемесінің сынықтары Ресейдің Тува аймағынан табылған. Бұл туралы ақпарат Ресей төтенше жағдайлар министрлігі сайтында жарияланды.

Ғарыш аппаратының сынығын – диаметрі 90 сантиметр болатын металдан жасалған домалақ затты жергілікті тұрғындардың бірі тауып алған. Полиция зат табылған жерді Ресейдің ғарыш мекемесі («Роскосмос») қызметкерлері келгенше қоршауға алған.

Бұған дейін желтоқсанның 1-і күні Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағынан халықаралық ғарыш станциясына «Прогресс МС-04» жүк кемесін тіркеп ұшқан «Союз-У» зымыран тасығышы ауада жанып кетіп, бөлшектері Тува республикасы аумағына түскені хабарланған. Апаттың нақты себебі әзірше белгісіз.