12 қар, 2019 сағат 12:29

Ресейдің Түмен облысында қазақ сыныбы ашылды

Ресейдің Түмен облысында жақында ашылған қазақ сыныбына оқулықтар тарту етілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ресейдің Түмен облысында 28 қазан қазақ сыныбы ашылып, қазір 25 бала өз ана тілінде білім алып жатыр. Алайда мұнда ұстаздар мен оқушыларға арналған қазақ тіліндегі оқу-әдістемелік құралдар тапшы.

Түмендегі қазақ балаларына қолдау көрсету мақсатында бүгін облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында «Баға жетпес сый» атты акция өтті. Оған Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есенғали Ибраев, облыстық білім басқармасының, тілдерді дамыту басқармасының, орталықтардың өкілдері қатысты.

СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының мәліметінше, солтүстікқазақстандықтар жақында ашылған қазақ сыныбына көмек ретінде және онда білім алып жатқан қазақ балаларына қолдау көрсету мақсатында ресейлік әріптестеріне 200 кітапты сыйға берді. Қазақ тілін терең меңгеруге мүмкіндік беретін ғылыми-әдістемелік құралдар, қазақ тіліндегі оқулықтар және қазақтың ақиық ақыны Мағжанның жыр жинақтары, Абайдың қара сөздері, «Даңқты адамдар» сериясымен шыққан әдебиет, тағы басқа көптеген құнды шығармалар балалардың ғана емес, түрлі жастағы тіл үйренушілердің керегіне жарайды.

«Болашақта мұндай жұмыс жалғасын табады. Тілдерді дамыту басқармасы тарапынан осы сияқты жұмыстар 2015 жылдан іске асырылып келеді. Бұл - «Тілдерді дамыту мен қолдау» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Бұл жобаның шетелде тұрып жатқан этникалық қазақтарды оқу-әдістемелік құралдармен қамтуға көмек көрсету деген арнайы тармағы бар», - дейді СҚО Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім жетекшісі Әсем Сүлейменова.