31 мам, 2018 сағат 15:57

Ресейдің сыртқы істер министрі Ким Чен Ынмен кездесті

Бейсенбі күні Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын Ресей Федерациясы СІМ басшысы Сергей Лавровты қабылдады, деп хабарлайды Ренхап агенттігі.

Кездесуде Лавров Ким Чен Ынға Ресей президенті Владимир Путиннің Корей түбегіндегі жағдайды дипломатиялық реттеуге үміт артқан хатын берген. 

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Лавров Солтүстік Корея лидерін Ресейге шақырған. Айта кету керек, ол Ресейдің соңғы тоғыз жылда алғаш рет Солтүстік Кореяға келген сыртқы істер министрі болды.

Ресей СІМ басшысы Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынастардың жандана түскеніне, сондай-ақ АҚШ-пен тарихи саммит өткізу идеясына қуанышты екенін айтты.

Сапар аясында Лавров Солтүстік Кореяның негізін қалаушы Ким Ир Сен және қазіргі лидердің әкесі Ким Чен Ирге құрмет білдіріп, олардың Мансу Хилл ауданындағы ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.