30 қаз, 2019 сағат 11:46

Ресейде қазақ киносының фестивалі басталды

Ресейдің Омбы облысында Қазақстан киносының IV фестивалі басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР-ның Ресейдегі Елшілігіне сілтеме жасап.

Биылғы фестиваль Омбыда 6-7 қараша күндері өтетін Қазақстан-Ресей Өңіраралық ынтымақтастығының форумына арналды.

«Вавилон» кинотеатрында ашылған салтанатты шарада барысында «Махаббат» шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері қазақ тілінде ән шырқап, өлеңдер оқыды. Қонақтарға ұлттық тағам – бауырсақ таратылды.

Фестиваль 5 қарашаға дейін жалғасады. Сеанстарға тегін тіруге болады. Көрермендерге тарихи оқиғалар негізінде түсірілген «Алтын тақ», «Талан» фильмдері көрсетіледі, ал балалар «Мұзбалақ», «Күлтегін» мультфильмдерін тамашалай алады.

«Біз Қазақстанды, қазақ тілін, мәдениетін сүйетіндердің барлығын шақырамыз. Фильмдер орыс тілінде де, қазақ тілінде де көрсетіледі. Міндетті түрде субтитр болады. Кино арқылы Қазақстан колоритін, халықтың мәдениетін көрсеткіміз келеді. Фильмдердің барлығы ізгілікке, Отанға деген сүйіспеншілікке, халқын, тілін сүюге арналған», - дейді Омбы облыстық қазақ қоғамдық бірлестіктері үйлестіру кеңесінің басшысы Жанат Бекмағамбетов.