30 жел, 2016 сағат 10:10

Ресей жаңа салынатын айлаққа бола Байқоңырды тастамайды - Дмитрий Рогозин

- Ресей вице-премьері Дмитрий Рогозин Қиыр Шығыстан жаңа ресейлік айлақ құрылысы мәселелері бойынша арнайы комиссия отырысында Байқоңырдың даму жоспары жайлы әңгімеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Российская газетаға» сілтеме жасап. 

Мәлім болғанындай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясына жұмыс сапары аясында Петербургте Байқоңыр айлағының алдағы даму Тұжырымдамасына қол қойылды.

«Біз алғаш рет қазақстандық әріптестермен бірлесе жұмыс істейтін жобалар жайлы келісімге келдік. Бұл Қазақстан Республикасының «Зенит» зымыран ұшыру кешенін дамыту үшін салып отырған қаржысы мен «Роскосмостың» жаңа технологиялық құрылғылары негізінде жасалған «Бәйтерек» жобасы», - деді вице-премьер.

«Сонымен бірге, Қиыр Шығыста бой көтеретін Шығыс екінші ғарыш айлағы салынған соң Ресей мен Қазақстанның Байқоңырды тастамайтыны, оны дамыта түсетіні жоғары деңгейде расталды», - деді Д.Рогозин.