15 нау, 2018 сағат 15:01

Ресей Ұлыбритания дипломаттарын еліне қайтармақ

Ресей Ұлыбританияның санкцияларына жауап ретінде британ дипломаттарын еліне қайтармақ. РИА "Новости" агенттігінің хабарлауынша, бұл жайында 15 наурызда Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров мәлімдеді. Лавров нақты қанша дипломаттың еліне қайтарылатынын және бұл шаралардың қашан орындалатынын таратып айтпады. Ол Лондонның Мәскеуді Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен қызын улады деп айыптағанын "дәлелсіз айыптау және арсыздық" деп атады.

14 наурыз күні Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Ресейді Скрипальді улады деп айыптап, Ресейдің 23 дипломаты елден шығарылатынын мәлімдеген. АҚШ президенті әкімшілігі Ресейді "халықаралық құқықты үнемі бұзады" деп айыптап, Лондонның бұл шарасын қолдаған.

14 наурызда бұдан кештеу БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Ұлыбританияның БҰҰ-дағы елшісі Ресейді "Химиялық қаруға тыйым салу туралы халықаралық конвенцияны бұзды" деп айыптаған. Британ тергеушілерінің болжамынша, Скрипаль мен қызы Юлия жасалуы өте қиын "Новичок" деп аталатын химиялық заттан уланған. Тергеушілер мемлекет жәрдемінсіз мұндай химиялық затты қолдан жасау мүмкін емес дейді.

Скрипальдің ісіне байланысты Ұлыбритания сыртқы істер министрі Борис Джонсон Ресей президенті Владимир Путиннің жақын серіктеріне қарсы санкция салынатынын жариялады.

Сергей Скрипаль мен қызы Юлия наурыздың 4-і күні Солсберидегі сауда орталығында ес-түссіз күйде табылып, ауруханаға жеткізілген. Сергей Скрипальді 2006 жылы Ресей соты "Ұлыбритания тыңшысы" деп айыптап, 13 жылға түрмеге қамауға үкім еткен. 2010 жылы Мәскеу АҚШ-та ұсталған ресейлік он агентті Ресейде Батыс мүддесіне тыңшылық еткен деген айыппен сотталған төрт адамға алмастырған кезде солардың арасында Скрипаль да болған. Ол содан бері Ұлыбританияда тұрып жатқан.