12 там, 2018 сағат 15:19

Ресей президенті Каспий маңы елдерін туризмді дамытуға шақырды

Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммитінде Ресей Президенті Владимир Путин теңіздің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Консенсус пен мүдделерді өзара ескере отырып, заманауи әрі теңдестірілген халықаралық құжат, яғни конвенция әзірленді. Конвенция қажетті жіктеу шараларын, кеменің жүзуі мен балық аулау режімдерін айқын регламенттейді, қатысушы елдердің әскери-саяси өзара іс-қимылының ұстанымдарын белгілейді. Сонымен қатар, Каспийді тек бейбіт мақсаттарда пайдалануға кепілдік берілген», - деді РФ басшысы. 

Бұдан бөлек ол Ресейдің Каспий маңы елдерімен сауда-саттық көлемі артып келе жатқанын, 2017 жылы сыртқы сауда айналымы 22 пайызға, биылғы қаңтар-мамырда 10 пайыздан астам өскенін тілге тиек етті. 

Мұнымен қоса, РФ басшысы цифрлық экономикаға, туризмді дамытуға назар аударуға шақырды. 

«Бізде круиздік кемелер салынуда, олар Каспий теңізі жағалауындағы барлық елдерге сапарлай алады. Менің ойымша, бұл бағыттағы шаралар біздің халықтарды жақындата алады», - деді Владимир Путин.