05 шіл, 2017 сағат 19:12

Ресей өкілі ҚР әскерінің Сирияға жіберілуі мүмкіндігіне қатысты түсінік берді

Ресей Президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев ресейлік БАҚ-та тараған бітімгерлік миссия үшін Сирияға Қазақстанның әскері жіберіледі деген ақпаратқа орай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Сириядағы бітімгерлік миссия үшін қай елдерден әскери байқаушылар тарту мәлелесі  көтерілуде. Ресей Федерациясынан контингенттің қатысуына ешкім де күдік келтіре алмайды. Сондықтан біз ТМД-ның барлық елдеріне ахуалға мониторингті бірлесе жасау үшін ақылға қонымды шекте контингент жіберу мүмкіншілігін қарастыру туралы жүгінген едік.  Біз ешкімді де қандай да бір шешім қабылдауға мәжбүрлемейміз. Егер Қазақстан басшылығы мен Үкіметі мұндай әскери контингент жіберу туралы шешім қабылдайтын болса, онда біз оны қолдайтын боламыз. Бірақ, менің білуімше, әзірше Қазақстан басшылығы нақты шешім қабылдаған жоқ», - деді ол Астанада өткен Сирия бойынша халықаралық кездесудің қорытындысына арналған брифингте.