06 жел, 2017 сағат 08:07

Ресей құрамасы 2018 жылы өтетін Олимпиада ойындарынан шеттетілді

Ресей құрамасы спортшылары 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін ХХІІІ қысқы Олимпиада ойындарына өз елі атынан қатыса алмайды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Халықаралық Олимпиада комитеті Лозаннада (Швейцария) өткен арнайы отырыста осындай шешім қабылдап, ресми сайтында жариялады. 

"ХОК-тың атқарушы комитеті Самуэль Шмидтің баяндамасын мақұлдаған соң Ресейдің Олимпиада комитетін шеттету туралы шешім қабылданды, шешім жедел түрде күшіне енеді", - делінген хабарламада.

Осыған дейін ХОК Ресейді 2014 жылғы Сочи Олимпиадасы кезінде допинг сынамаларын ауыстырды деп айыптаған. Сондай-ақ, Ресейдің Олимпиадалық комитетіне 15 миллион доллар айыппұл салған.

Енді Ресей құрамасы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында жарысқа OAR (Olympic Athlete from Russia) деген атаумен Олимпиада туы астында қатыса алады. Ақ Олимпиада кезінде оларға Ресей әнұраны мен туын қолдануға тыйым салынады.

ХОК шешімімен РФ вице-премьері Виталий Мутко Олимпиада ойындарына қатысудан өмір бойына шеттетілді.

Естеріңізге сала кетейік, Пхенчхандағы қысқы Олимпиада ойындары  9-28 ақпан аралығында өтеді.