23 ақп, 2017 сағат 06:46

Ресей 22 жыл бұрын жалға алған жерлерді Қазақстанға қайтарады

Ресей 22 жыл бұрын жалға алған жерлерді Қазақстанға қайтаруы тиіс. Бұл - 300 мың гектардан аса аумақты алып жатқан Ақтөбе облысындағы Ембі әскери полигоны.

Мұндай жарлықты Мәжіліс депутаттары мақұлдады, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы. Жалға алу келісімінің мерзімі 2017 жылдың 1 қаңтарында аяқталған. 

Қорғаныс министрі орынбасарының айтуынша, полигонды Қазақстанға қайтару үшін арнайы комиссия құрылады. Қазақстанның міндеттерді орындау мәселесінде ресейлік тарапқа шағымы да жоқ екен. 

"Полигонды жалдан шығару өңірдің экономикалық дамуына оң әсерін береді, қайтарылатын жерлер кәсіпкерлердің мүддесіне пайдаланылуы мүмкін, мұнда ауыл шаруашылығымен, пайдалы қазбаларды іздеу және өндіруді ұйымдастыру істерімен айналысатындарға қолайлы. Осы арқылы мемлекеттік бюджетке жаңа қайнаркөзден табыс түседі. Полигонның телімдері әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жобалардың құрылысына пайдаланылуы мүмкін", - деді Талғат Мұхтаров.

Министрдің орынбасары біраз уақыт бұрын ресейлік тараптың Қазақстанға полигонда орналасқан жылжымайтын және орнықты мүліктің барлығын өткізіп қойғанын айтты. Оның ішінде тұрғын-казармалық қордың 15 ғимараты бар.

Еске салайық, 1960 жылдың 10 мамырында Ембі-5 әскери қалашығы құрылған еді. Полигонда әуе зымыран ПВО CB, "Круг", "Куб", "Бук" , "TOP", "Оса", "С-300B", "Тунгусской" әуе қорғаныс С.В. жедел тактикалық қысқа ауқымды зымыран сыналды.

Ресей жыл сайын Қазақстанға осы мақсатта айтарлықтай ақша төлеп тұрған. Мәселен, өткен жылы 7 миллиард теңге шамасында қаражат түскен.