08 мам, 2019 сағат 16:00

Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа тіккен Жеңіс туы (видео)

Ертең Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 74 жыл толады. 4 жылға созылған сұрапыл соғыста 27 миллион кеңес әскері қаза болды. Майданға Қазақстаннан 1,8 миллион адам аттанған болатын. Олардың жартысы елге оралған жоқ.

Сұрапыл соғыста қазақтандықтар жанкештілікпен соғысты. Отан үшін от кешкен азаматтардың бірі – Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев. Ол – фашист әскерлерінің тегеурінді шабуылына қарамастан, Жеңіс туын бірінші болып Рейхстагқа тіккен жауынгер.

"1945 жылдың 30 сәуірінде кеңес әскерлерінің Рейхстагқа шешуші шайқасы басталды. Оған 270 метр жер қалған кезде кеңес әскері алға жылжи алмай тоқтап қалды. Себебі, сол уақытта ұрыстар әлі жалғасып жатқан еді. 150-атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы сарбаз Григорий Булатов жанкештілікпен соғысады. Осылайша, олар Рейхстагқа бірінші барып, Жеңіс туын тікті. Рақымжан Қошқарбаевтың тіккен Қызыл туын көрген Кеңес әскері рухтанып, Рейхстагқа бас көштеп кіріп кеткен болатын", - дейді ұлттық әскери-тарихи музейдің экскурсия жүргізушісі Дәулет Қадыров.

Ал 2015 жылы бұл тудың көшірмесі Қазақстанға жеткізілді.

Sputnik Kazakhstan