17 ақп, 2018 сағат 12:36

"Қаба жалды қара айғыр..."

Бүгін 62 жасқа қараған шағында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев өмірден өтті. Қайғылы қазаға жазушының бір топ замандастары мен қаламгер інілері фейсбук әлеуметтік желісінде көңіл айтты. 

*** 

Рахымжан Отарбаев?! Дүниеден өтті дегенге сене алмай отырмын. Қандай азамат... Алғаш көргенімде Жұмекен аға екеумізді өзі таныстырып: "Жастарың қатар, бірге жүріңдер. Рахымжан інім елден, Атыраудан енді келді, сен бұған бас-көз боп жүр" деп тапсырып, батасын беріп еді... Бас-көз бола алмадым... Ноқта киіп көрмеген асауға қалай ие боларсың!? Мен оған "Қабырғасы қарағайдай қаба жалды қара айғыр" деген ат қойған едім. Жолыққанда осы теңеуімді қысқа қайырсам: "Сен менің титулдарымды түгелдеп, толығымен айт!" деп, ақсия күліп, қобыраған шашын жоғарыға бір сілкіп қоятын. Қайта тумас қазақ, қайталанбас қаламгер ғой. Неткен өкінішті... Бақұл бол, бауырым!

Ұлықбек Есдәулет 

***

Рахымжан Отарбаевтың қазасына көңілім сенбей отыр еді... Фейсбуктегі ағайынның күңіренген үні мен зарлы жоқтауы ақыры мойындатты. Бауырымыздың жаны жаннатта болсын! Рахымжан артында қалған ұрпағы, қазақ деген елі, алтын қаламынан туған керемет туындылары тұрғанда бізбен бірге жасай береді. Еңселеріңді көтеріңдер, ерлерім! Рахымжандай ұл туыңдар, әйелдер!

Байбота Қошым-Ноғай

***

Бір кейіпкеріңнің аузымен айтқан сөзің бар еді: "дүние жалған емес, адам - жалған". Бүгін де Құдайдың таңы атты. Бірақ сен жоқсың! Өзекті өртеп кеттің! Киелі сөздің түрмесінен сен қашып шықтың! Енді халқың сені біржола аялауға ауысатын болады! Жалған өміріңнен құтылдың, Раха, нағыз өмірің бүгін басталды! Басың сыймай кеткен дүниеге жаның сиятынын біліп кеткеніңді сеземін! Жазушының бұдан асқан жеңісі болмайды. Осы ғана медеу.

Шархан Қазғұл

***

Жұрт әзілдеп отырған шығар деп ойладым басында. Құдаймен де ойнап, ажалмен де қалжыңдасып отыратын ел едік қой. Сенбедім. Ұйқыдан оянып, үйдің ішінде ананы істегенсіп, мынаны істегенсіп сенделіп жүріп алдым. Көз алдымнан Рақымжан ағаның фотолары қаптап кеткен лента кетер емес. Шіркін-ай, құрығанда түсім болсайшы! Бұл қалай сонда?! Неге? Қалай?! Қалай кете салды?! Кететін кісі Рақымжан аға ма еді?! Мына қырық көрпе боп бөлініп, қырық пышақ төбелеске әзір тұратын қазағына "тәйт!" деп ұрсып тұрып, аталы сөзін айтар шағында адам кете ме?! Сенбеймін! Дұғаға қосар аз ғана ағаларымның ішіне кіретініңізді күні кеше ойлап па едім мен...

Екеуміз тылсым тақырыптарға қатысты сұxбат-кітап жазамыз деп жүрген едік. Мен сізге "Рақымжан аға, Сіз менімен ол кітапты жазуға әлі дайын емессіз ғой!" - деп әзілдейтін едім. Сіз таңқалғандай боп "Апырай, ә!" деп менің ішек-сілемді қатырушы едіңіз... Қайтейін-ай, қайтейін... Алла Рақымына бөлесін, жан ағамды. Жаныңыз пейіште шалқысыншы, жан Ағам!

Ақберен Елгезек


***

Сенбей отырмын... Сенгім де келмейді! Раxымжан ағам дүниеден озды деп xабарлап жатыр Атырау жақтан. Елдің ары да, сөзі де, кім бар десе көрсетер, өзі де Өзі еді... 

...Бала кезімізде Раxымжан ағам Алматыға сыймай, Шардараға келетін. Теңіздің жағасынан жаны жай табатын. Ақкөкем екеуі Қызыл құмның табанына қыздырылып жатып, күнді күрең шәймен батырып, таңды әңгімемен атыратын. 

...Өткен жылдың қатал қаңтарында әкемізді жерлеп, Құран оқылған соң, "Достым, бір күні сен өткен есіктің табалдырығынан мен де аттармын" деп қызуы басылмаған топырақты тарамыс алақанымен сипалап отырып бір күрсініп еді.

...Ақкөкем мен Раxымжан ағамның арасы бір-ақ жас. Туған жылы ғана емес, қайтар жылының арасы да бір жыл болатынын кім білген! 61-дің мүшелі алып кетті, алып кетті әкемді де, ағамды да.

...Былтыр әкемнің бейітінің басында күнсіз көкжиекке кітап оқығандай көз жүгіртіп, "Жатар жерімді мен де белгілеп қойдым, Шыңғысжан. Басына қашалар бір шумақты баламның қолына ұстаттым. Мына дүние маған толық түрін көрсетпеді, жарты жүзін ғана көрсетті. Менің басыма да бетімнің жартысын қоямын. Мен де қасқиып жарты бетіммен қарап тұрамын қу дүниеге" деп еді. Осы сөздер, күй домбырадай күмбірлеген даусының жаңғырығы құлақ құдығымда күні кешегідей сайрап тұр. Сіздің даусыңыз елдің бойында, жазуыңыз елдің ойында мәңгілік жаңғыра бермек, аға! Бақұл болыңыз! 

"Елмерей жалғыз деуші едіңіз, енді бізге де әке боласыз" дегенімізге көп болмап еді. Дәл қазір өзімді толық жетім қалғандай сезініп отырмын. "Мына екі шал мен екі кемпірді бағу - сендердің мойындарыңды" деуші еді ағамыз, Сәуле апай. Енді әкеміздің екеуі де жоқ. Сіздер қалдыңыздар. Алла тағала Сіздерге ғұмыр бергей! Ұрпақтарын ұзағынан сүйіндіргей. Жазушысын еркелеткен елге, алақанында аялаған Атырауға көңіл айтамыз!

Шыңғыс Мұқан