08 қаң, 2019 сағат 12:06

«Qazaq Banki» салымшыларының 71 пайызы өз ақшасын алды

2018 жылғы 24 желтоқсаннан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) «Банк ВТБ» АҚ ЕҰ агент банкі арқылы «Qazaq Banki» АҚ салымшыларының өтемақысын төлеп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

8 қаңтардағы жағдай бойынша, «Qazaq Banki» АҚ 2 886 салымшысы агент банкке жүгініп, жалпы сомасы 14,4 миллиард теңгені құрайтын өтемақы алды. Бұл - ҚДКБҚ-ның «Qazaq Banki» АҚ салымшылары алдындағы міндеттемелері жалпы сомасының 71 пайызы.

Агент банкке жүгінген салымшылардың 93 пайызы төлемді сол күні алды. Қалған 7 пайызы, негізінен, мүдделерін сенімхат бойынша танытқан, өтініштері негізінде заңды қорытынды талап етілген үшінші тұлғалар. Олар төлемді заңнамамен белгіленген бес жұмыс күні ішінде алды. Салымшылардың 84 пайызы ақшаны агент банктің кассасында қолма-қол алса, 16 пайызы агент банктегі немесе басқа да банктегі банк шотына аудартты.

Қазіргі таңда ҚДКБҚ-ның жалпы міндеттемелер сомасынан төленбеген 29 пайызы - кепілдік берілген өтемді алуға әлі жүгінбеген 15 мың салымшының ақшасы. «Qazaq Banki» АҚ салымшылары 2019 жылдың 24 маусымына дейін агент банкке кез келген уақытта жүгіне алады. Бұдан кейін өтінішті тікелей ҚДКБҚ-ға беруге болады.

Төлем жүргізудің бірінші аптасының қорытындысы бойынша ҚДКБҚ-ның, агент банк пен «Qazaq Banki» АҚ-ның тарату комиссиясының колл-орталықтарына 1 300 рет қоңырау шалынды. «Qazaq Banki» АҚ салымшыларынан 25 шағым түсті. Агент банк бөлімшелерінде жұмысты ұйымдастыру, бөлімшелердегі кезектер, кассаны қолма-қол ақшамен толтыруды күту сияқты мәселелер бойынша шағымдар түскен болатын. ҚДКБҚ мен агент банк жұмыскерлері әрбір шағым бойынша мәселелерді шешу үшін бүкіл қажетті жұмысты жүргізді.

Банк ВТБ филиалдары мен бөлімшелерінің тізімімен мына веб-сайтта танысуға болады: www.vtb-bank.kz. Филиалдар мен бөлімшелердің жұмысы туралы ақпаратты 5050 қысқа нөмір бойынша ала аласыздар (ұялы телефоннан қоңырау шалу тегін).

Депозиттер бойынша кепілдік беру, өтемақыны төлеуді жүзеге асыру тәртібі, өтемақы сомасын есептеу туралы барлық мәселелер бойынша «Qazaq Banki» АҚ  салымшыларына ҚДКБҚ байланыс орталығының қысқа нөміріне 1460 хабарласуына, сондай-ақ, info@kdif.kz электронды поштасы бойынша, www.kdif.kz веб-сайтында сауалдарын қалдыруға немесе @kdif_ask Телеграм-чаты арқылы сұрақ қоюына болады.

Валютаны айырбастау бағамы, сыйақыны есептеу мен капиталға айналдыру, таратылатын банк алдындағы кепілдік берілген сомасы мен міндеттемелер сомасын есепке алу сияқты төлем сомасын есептеумен байланысты сұрақтар туындаған жағдайда, салымшылар «Qazaq Banki» АҚ-ның тарату комиссиясына жүгіну керек. 

«Qazaq Banki» АҚ тарату комиссиясы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін 2019 жылдың 21 ақпанына дейін қабылдайды.