21 қар, 2019 сағат 14:04

Путиннің қызына тиесілі қор 488 миллион рубль табыс тапты

Ресей Президенті Владимир Путиннің кіші қызы Катерина Тихонова құрған "Ұлттық зияткерлік даму" қоры 2018 жылы 488 миллион рубль табыс тапқан. Қор бұрын-соңды осыншалықты көлемде табыс тауып көрмеген. "Открытые медиа" басылымының қорға қатысты зерттеуінде осындай дерек айтылады.

Тихонова қоры жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, бизнес саласында ғылыми зерттеулер жүргізумен айналысады. Бұған қоса, Мәскеу мемлекеттік университеті маңындағы аумақта құрылыс нысандарын салуы мүмкін. Басылымның жазуынша, "Роснефть" компаниясы оған ірі көлемде тапсырыс береді. Құрамында "Ұлттық зияткерлік даму" қоры бар "Иннопрактика" ұйымына мемлекеттік мұнай компаниясынан 659 миллион рубль көлемінде тапсырыс түскен.

"Открытые медиа" басылымының жазуынша, 2019 жылы тапсырыс берушінің "белсенділігі" азайып, "Иннопрактика" ірі тапсырыстардан қағыла жаздаған. Бірақ жыл соңына қарай "Росатом" оны "құтқарып қалып", ғылыми жұмыстарға тапсырыс берген. Оған қарайтын "Атомэнергопром" қазан және қараша айларында құны 120 миллион рубль болатын екі жобаға тапсырыс берген. Жақында қор зерттеу жүргізу мақсатында құны 65 миллион рубль болатын келісім-шартқа қол қойған. Екі ретте де Тихонова қоры байқауға жалғыз өзі қатысқан.

Мәскеу мемлекеттік университеті проректорының орынбасары Катерина Тихонова мамыр айында диссертациясын қорғаған. 2015 жылы қараша айында Reuters агенттігі оның президент Владимир Путиннің қызы екенін хабарлады. Осыдан кейін халықаралық БАҚ бұл тезисті дәлелдейтін бірқатар зерттеулер жариялады. АҚШ-тың қаржы министрлігі оны Путиннің қызы деп атайды. Кремль мен Путин бұған қатысты түсініктеме бермеді. Кремль ақпаратты растамады не жоққа шығармады.