08 сәу, 2020 сағат 23:21

Путин коронавирусқа байланысты халыққа үндеу жолдады

Сәрсенбі күні губернаторлар мен министрлермен кездескен Ресей президенті Владимир Путин жиын соңында коронавирусқа байланысты ресейліктерге үндеу жолдады. Ол күн өткен сайын халықтың бірлігі нығая түскенін айтып, азаматтарды карантин режимін сақтауға шақырды. 

"Бәрі өтеді және бұл да өтіп кетеді. Еліміз көптеген сынақты бастан кешірген: кезінде печенегтер де, "половецтер" де қысқан - Ресей бәрін жеңді. Бұл коронавирус індетін де жеңеміз" деді Путин. 

Сөзінің басында осындай күрделі кезеңде дәрігерлер мен кәсіпкерлерді, халықты қолдау мәселесіне тоқталды. Коронавирус індеті кезінде экономиканың дамуын тежемеу қажеттігін, аймақтар арасында көлік, жүк, жолаушылар тасымалын тоқтатуға болмайтынын айтты. Жақында үкімет жетекшісі Михаил Мишустин мен Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров аймақ арасында шекараны жабу туралы мәселе бойынша дауласып қалған еді. 

Путин коронавируспен күрескен дәрігерлердің жалақысына қосымша үстеме ақы қосылатынын айтты. Оның сөзіне қарағанда алдағы үш айда медицина қызметкерлеріне 25 мың мен 80 мың рубль көлемінде үстеме ақы бекітіледі. 

Ресей президенті бұған қоса, үкіметке бес күн ішінде бизнесті қолдайтын қосымша шараларды анықтауды тапсырды. Президент кіші және орта кәсіпорындардың әлеуметтік төлемін алты айға дейін шегеруге уәде берді. Бұған дейін қосымша құн салығынан бөлек барлық салық түрін кейінге шегеруге уәде еткен болатын.

Соңғы мәлімет бойынша, Ресейде аннексияланған Қырымды қосқанда 8672 адамнан коронавирус табылған. 63 адам көз жұмған.