13 мау, 2019 сағат 10:08

Путин Қазақстанның жаңа президенті туралы: Барлық жоспарымыз орындалады деп сенеміз

Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанның жаңа Мемлекет басшысы Ресеймен қарым-қатынасты дамытуды жалғастыра береді деп санайды. Мәскеу Ресей-Қазақстан жобалары іске асады деген үмітте. 

"Ірі жобаларымыз бар. Алдағы жоспарымыздың бәрі орындалады деп сенеміз. Қандай да бір кедергі болады дегенге ешқандай негіз жоқ", - деп Путин "Мир" телеарнасына берген сұқбатында мәлімдеді, деп жазады Sputnik агенттігі.

Путин еске сала өткендей, Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде оқыған, Ресейді жақсы біледі.

"Бұл адам Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алған бағытын жалғастырып, Ресеймен әрі қарай жақындасып, барлық салалар бойынша одақтастығын кеңейте түседі деп ойлаймын: өндірісте де, ауыл шаруашылығында да, ғарыш сияқты ғылыми салаларда да", - деді Ресейдің мемлекет басшысы.

Путиннің айтуынша, Ресей мен Қазақстанның гуманитарлық тұрғыда ынтымақтастығы да үлкен маңызға ие.

"Елдер арасындағы тауар айналымын өсіру, байланысты әртараптандыру, ынтымақтастық мүмкіндіктерін арттырумен қатар қос халықтың адами қарым-қатынасы да жақсара түседі. Адамдар арасында миллиондаған байланыс бар", - деді Путин.

Бұдан бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордадағы баспасөз мәслихатында айтқандай, Қазақстан Ресеймен ынтымақтастығын жалғастыра береді. Оның айтуынша, Мәскеуге ресми сапары барысында Владимир Путинмен екі елдің қарым-қатынасын әрі қарай дамыту туралы сөйлескен.

Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 70,96% қолдауымен Қазақстан Президенті болды. Сайланған мемлекет басшысын ұлықтау 12 маусымда өтті.