08 мау, 2017 сағат 20:44

Путин Елордаға келді

Ресей Президенті Владимир Путин Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысу үшін елордаға келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Астана әуежайына келіп қонған Ресей Президентін ұшақтан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова, Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников және Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков қарсы алды.

Айта кетерлігі, ШЫҰ саммиті барысында Пәкістан мен Үндістан аталған ұйымға мүшелікке қабылданады деп күтілуде. Осылайша, ШЫҰ жер тұрғындарының 40 пайызын, әлем экономикасының шамамен үштен бірін қамтитын болады. Бүгінде ұйымға Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдері мүше. Қазіргі уақытта ШЫҰ төрағасы - Қазақстан. Ертеңгі саммит барысында төрағалық Қытай тарапына өтеді.

Бұған дейін аталған халықаралық жиынға қатысу үшін Астанаға Ауғанстан Президенті Ашраф Гани Ахмадзай, Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдорж және ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев пен Пәкістан Президенті Мамнун Хусейннің келгенін хабарлаған болатынбыз.