05 шіл, 2018 сағат 19:32

Путин: Астана - Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегінің жемісі

Астана қаласының Қазақстанның елордасы ретінде қалыптасуы - Қазақстанның ғана емес, бүкіл аймақтың өміріндегі жарқын оқиға деп атауға болады. «Хабар» арнасындағы Ерлан Бекхожиннің «Ұлы даланың астанасы» атты деректі фильмінде Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин осылай деп атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен Астанаға шамамен екі мыңыншы жылдардың басында келген едім. Қаланың қалай дамығанын, жаңа тәуелсіз әрі егемен Қазақстанның қалай қалпына келтірілгенін өз көзіммен көрдім десем де болады. Әлбетте, көптеген адамдар да білетін болар. Әу баста бұл қала шағын кеңестік қала болатын. Ал соңғы 20 жылда атқарылған жұмыстар - ғажайып деп атамасаңыз, Қазақстанның ғана емес, бүкіл аймақтың өміріндегі жарқын оқиға деп атауға болады», - дейді Ресей Федерациясының президенті.

Владимир Путиннің айтуынша, Астана - тәуелсіз мемлекеттің мақтан тұтарлық орталығына айналған.

«Астанадағы заманға сай сәулет пен ұлттық мәнер түйіседі. Екіншіден, Астанада бәрі де жоспар бойынша дамып келеді. І Петр кезінде де Петербург те осылай дамыған болатын. Себебі, қаланың даму даңғылын көрікті әрі үйлесімді етіп жасарлық барлық жағдай бар. Сондықтан, бұл Астана - Қазақстанның үлкен жетістігі деп ойлаймын. Әрине, сондай-ақ бұл - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың орасан зор еңбегінің жемісі», - деді Владимир Путин.

Айта кетсек, Ерлан Бекхожиннің «Ұлы даланың астанасы» атты деректі фильмінде посткеңестік елдердің басшылары Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Астана қаласы туралы өзінің ой-пайымдарымен бөліскен.