04 қаз, 2017 сағат 11:55

Пучдемон: Каталония таяу күндері тәуелсіздігін жариялайды

Каталония преизденті Карлес Пучдемон. Барселона, 2 қазан 2017 жыл.

Каталония президенті Карлес Пучдемон референдумнан соң BBC-ге берген алғашқы сұхбатында аймақ жақын күндері Испаниядан тәуелсіздігін біржақты түрде жариялайтынын айтты,  деп жазады Азаттық.

Пучдемон "Егер Мадрид аймақты өз басқаруына алса немесе өзіңізді тұтқындаса не істейсіз?" деген сұраққа "Бұл бәрін өзгертетін қателік болатынын" айтты. Ол сонымен қатар қазір Испания үкіметі мен Каталония әкімшілігі арасында ешқандай байланыс жоғын да айтты.

Кеше Испания королі Филипп VI Каталония билігін аймақ тәуелсіздігі туралы референдум өткізгені үшін демократиялық принциптерді бұзып, қоғамда жік тудырды деп айыптаған. Король телеарна арқылы жасаған үндеуінде Испанияның біртұтас болуын қолдайтынын және референдумды ұйымдастырғандар елдің тұрақтылығына қауіп төндіргенін мәлімдеген.

Каталонияда тәуелсіздік алу жөніндегі референдум 1 қазанда өткен. Мадрид дауыс беруді заңсыз деп жариялаған. 2 қазанда Каталония билігі сайлаушылардың 90 пайызы аймақтың Испаниядан тәуелсіздік алуын қолдап дауыс бергенін мәлімдеген. Референдум болған күні Мадрид жіберген полицияның сайлаушылармен қақтығысынан мыңға тарта адам зардап шекті. Еуропа комиссиясы да референдумды заңсыз деп жариялаған.