13 қыр, 2019 сағат 10:04

Проблемалық кредиттер қоры 222 мүлкін сатуға шығарады

Проблемалық кредиттер қоры 222 мүлкін сатуға шығарады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Аталған қор мәліметінше, қордың және оның еншілес ұйымдарының 120-дан астам мүлкі сатылған. Ал қыркүйекте 222 мүлкі сатылымға шығарылады. Оның 125-і  жер телімі, 62-сі коммерциялық және 35-і жылжымайтын тұрғын-жай мүлкі. Қордың сатылатын жер телімдерін,  жылжымайтын тұрғын-жай мен коммерциялық  жылжымайтын мүліктерін заңды тұлғалармен қатар еліміздің азаматтары да сатып ала алады. Сатылатын мүлік Қазақстанның барлық аймақтарында, яғни қалалармен қатар ауыл аймақтарында орналасқан. Саудаға қойылған нысанның көбі Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

Алматы облысында ауданы 0,05-тен 470 гектарға дейінгі 104 жер телімі сатылады. Жер телімдерінің 91-і Талғар ауданында, ал 5-еуі Қапшағай ауданында орналасқан.

Шығыс Қазақстан облысында көбінесе тұрғын және коммерциялық жылжымайтын мүлік сатылымға шығарылмақ. Жылжымайтын тұрғын-жай портфелі 16 бірліктен тұрады. Оның ішінде 6 пәтер Өскемен қаласында, 4 пәтер және 4 үй Семей қаласында орналасқан. 15 коммерциялық жылжымайтын мүлік бар.

Ақмола облысында ауданы 0,5-тен 50 гектарға дейінгі 7 жер телімдері сатылады. 4 телім Целиноград ауданында орналасқан.

Атырау облысында саудаға ауданы 149-дан 243 шаршы метрге дейінгі 4 жылжымайтын тұрғын-жай мүлігі қойылды. Атырау қаласында 4, ал Құлсары қаласында 2 коммерциялық жылжымайтын мүлік нысаны сатылады.

Қостанай облысында ауданы 30 шаршы метрден басталатын әр түрлі 5 коммерциялық жылжымайтын мүлік сатылады. Ең ірі нысан – ауданы 2 960 шаршы метрді құрайтын 4 қабатты әкімшілік ғимараты. Сондай-ақ, сатылымға жалпы ауданы 442 шаршы метрді құрайтын 4 жылжымайтын тұрғын-жай ұсынылған.

Қарағанды облысында ауданы 53-тен 1 352 шаршы метрге дейінгі 6 коммерциялық жылжымайтын мүлік, соның ішінде Жезқазған қаласындағы 4 нысан сатылады.