13 қыр, 2019 сағат 12:05

Президенттің Қытайға сапары өте жоғары деңгейде өтті – Берік Уәли

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары өте жоғары деңгейде өтті. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырза Қытай Халық Республикасына екікүндік мемлекеттік сапармен барып қайтты. Сапар өте нәтижелі, жоғары деңгейде өтті деп айтуға толық негіз бар. Оның нәтижесінде Қазақстан мен Қытай Көшбасшылары бірлескен мәлімдеме жасап, 10 маңызды құжатқа қол қойылды. Жалпы, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мырза мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың арасында өте жоғары деңгейдегі келіссөз өтті. Мұнан бөлек Президент көрші елдің бірқатар мемлекет қайраткерімен, іскер топ өкілдерімен жүздесті. Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының ұстаздарымен, студенттерімен кездесіп, олардың алдында дәріс оқыды. Сонымен қатар сол жақта оқып жүрген студенттерімізбен де кездесті», - деді Берік Уәли.

Оның атап өтуінше, Мемлекет басшысы Ханчжоу қаласында Қытайдың әлемдік нарыққа инновациялық өнімдерін шығаратын Hikvision компаниясының және жаһандық интернет сауда саласының көшбасшысы саналатын Alibaba Group компаниясының штаб-пәтерінде болған. Компанияның негізгін қалаған Джек Мамен кездескен. Қазақстан Президенті Джек Маға Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығына орай әлемдік челленджге үн қосқаны үшін ризашылығын білдірген.

«Жалпы, көршілес елдердің ынтымақтастығын арттыратын келелі келісімдер жасалған, ұзақ мерзімді стратегиялық қарым-қатынасты нығайта түскен жемісті сапар болды деп нық сеніммен айта аламыз. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан территориялық тұрғыдан әлемдегі екі алып мемлекетпен құрлықтағы шекарасы бар. Оның бірі Ресей болса, шығысымызда - Қытай мемлекеті. Қазіргі таңда еліміздің 1782 шақырым шекарасы осы Қытаймен шектеседі. Бұл үлкен құрлықтық шекара болып есептеледі. Көршілес, іргелес тұрған елмен араласпай, алыс-беріс жасамай тұра алмаймыз. Өйткені, Қытай біздің Құдай қосқан көршіміз. Сол себепті Қытаймен байланысымызды орнықтыруымыз, мәңгілік стратегиялық әріптестік орнатуымыз заңдылық», - деді Президенттің баспасөз хатшысы.