09 мам, 2019 сағат 15:52

Президенттің есімі

Желдей ұйтқып, жебедей зулап, сынаптай сырғып бара жатқан алмағайып уақытта оқыған, көрген, естіген, білген қаншама дүниеңді ұмытасың, яғни, ұмытуға болады. Ал, бұ жалғанда уайым-қайғы дегеннің не екенін білмей, еркелік пен шаттық, қуаныш пен күлкіге көміліп өсетін балалық көкірегі ұшы-қиыры жоқ шетсіз-шексіз сағыныш пен бұрқырай көтеріліп, булыға тұншыққан шерге толы осы бір тағдыр иесінің өмір жолын естіген, оқыған болсаңыз, ол ұмытылады деп ойламаңыз. Әсіресе, балалық, жастық шағы сіздің жадыңызда мәңгі жаңғырып тұрардай... Ол тағдыр иесі бүгінгі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі – Кемел Тоқаев!

Мақаланың аты айтып тұрғандай Президент есімінің әлдебір сырына үңілу үшін, жоқ, ол үшін ғана емес, өмірбаяны өмір бойы жадыңнан өшпестей болады деген тағдыр иесінің тауқыметін білу үшін әңгімені оның сонау балалығынан бастауға тура келеді. Ендеше, 2018 жылы қазақ детективінің атасы һәм майдангер жазушы  Кемел Тоқаевтың туғанына 95 жыл толуына орай жарық көрген «Тағдыр мен майдан» атты кітабымыздың «бақытынан адасқан балалық» деп аталатын бөлімін ықшамдап, Жеңіске 74 жыл толған даталы күнге орай оқырманға ұсынғанды жөн көрдік.

***

Кемел Тоқаев өзінің балалық шағы туралы «Солдат соғысқа кетті» мемуарлық романында жазды. Кейін баласы Қасым-Жомарт «Әке туралы толғаныс» эссесінде: «Кеңестік билік өз бағытының дұрыстығына титтей күмән келтіргендердің барлығына әлемдік тарихта болмаған қатал шара қолданды. Сол қатал шараға Кемел Тоқаевтың да жақын туыстары ілінген. Олардың көрген қорлығы мен өлімінің қорқынышты болғаны соншалық, тіпті баяндап жеткізу мүмкін емес. Дегенмен, мен соның кейбірін айтуды жөн санадым», дей отырып, әулет тауқыметі мен әке тағдырының ең негізгі қиын сәттері туралы баяндайды. Бірі көркем шығарма ретінде, бірі естелік-эссе ретінде жазылған осы қос туындыны өзара байланыстыра отырып, біз де осы жайды қайыра баяндап көрмекпіз.

1927 жылы партияның ХV съезінде елді коллективтендіруге бағыт алуға шешім қабылданып, бұл науқанды 1929 жылы Сталиннің «Правда» газетінде жарияланған «Ұлы бетбұрыс» деген мақаласынан кейін құтырына жүргізеді. Оның алдында Қазақ АКСР Атқару комитеті мен халық комиссарлар Кеңесінің «Бай шаруашылықтарын тәркілеу» туралы қаулысы шығып, осы қаулының негізінде жеті жүзге жуық ірі бай шаруашылығы тәркіленіп, олардың иелері қанаушы тап ретінде атылған. Осы саясат кейіннен колхоздастыру кезінде де жалғасып, оған орта шаруаларды да қосады.

Қазақ халқының ғасырлардан келе жатқан көшпелі болмысы, әдет-ғұрпы, салт-санасына пысқырып қарамаған науқаншылар олардың қолындағы малдарын тартып алып, еріксіз, зорлап колхоздарға кіргізіп, күштеп отырықшылыққа көшіреді. Дайындықсыз, көзсіз науқанның және өзге де себептердің кесірінен Қазақстандағы мал шаруашылығы үлкен апатқа ұшырайды. Нақты дерек бойынша 1932 жылдың ақпан айына дейін колхоздардағы малдың 87 пайызы қырылады делінген. Онымен қоймай, индустрияландыру жылдарында Ресейдің орталық аудандарындағы ірі құрылыстардағы жұмысшыларды етпен қамтамасыз ету мақсатында малдың біраз бөлігі Ресейге жіберіледі. Сөйтіп, 1928 жылға дейін Қазақстанда 40 миллион мал болса, 1933 жылғы Қазақстанда 5 миллионға жуық қана мал қалды. Ары қарай алапат аштық.

Естелік айтады:

«Ұжымдастыру және қазақтарды ассимиляциялау саясаты ұлттың генофондына орны толмас зиян әкелді. Туған халқы үшін талай пайдалы істерді жүзеге асыра алатын мыңдаған адамдар құрбандыққа шалынды. Тарихтың сол бір қасіретті кезеңінде ұлтымыздың жартысы ажал құшты. Осыған байланысты, менің ойымша мынау бір деректі айтсам өте қызықты болар еді. XIX ғасырдың соңына қарай патшалық Ресей әкімшілігі өткізген Орта Азия тұрғындарының санағының қорытындысы бойынша қазақтар («қырғыз-қайсақ») осы аймақтағы ең саны көп халық екен. Біз 4 миллионнан да көп болыппыз. Ал өзбек халқының саны 500 мыңға да жетпеген көрінеді. Санақта түріктенген тәжіктер деп көрсетілген сарттардың саны 2 миллиондай болыпты. Ал енді қалған 1,5 миллион адам таза тәжіктерге жатқызылыпты, қырғыздар («қарақырғыздар») тіпті аз екен. Бәлшебектердің қанды қырғыны, жоғарыда айтқанымдай, қазақ ұлтының генефонының мықтап бұзылуына, біздің мәдениетіміз бен тіліміздің ауыр жағдайға ұшырауына тікелей себепкер болды» [1,108].

Жер жәннаты аталған Жетісу жері. Жаз жайлау жайлап, қыс қыстауын қыстап мамыражай отырған елдің ішінде қазақы салт-дәстүрге берік, атадан балаға жалғасқан бағзы құндылықтарды көзінің қарашығындай қорғаштайтын Тоқаның отбасы да ел қатарлы тірлігімен ғұмыр кешіп жатқан. Ашаң жүзді, ақсары, бидай өңді бойшаң келген келіншегі Әфуза үйінде көлденең қылшық жатпайтын қылап адам екен. Пейілінің кең, дастарханының мол, асының дәмділігінен болар, бұл үйден қонақ үзілмейтін. Тоқа өзі біртоға, жуастау, ерекше балажан кісі деседі. Кішкентай қызы Бибіажар шетінеп кеткенде жанын қоярға жер таппай қиналады. Ол кезде қайта алқалаған ағайын, ес жидырар елі бар уақыт қой. Қиындықтың көкесі содан кейін басталады. Өз жерінде өз салтынша өмір кешіп жатқан халықтың басына ауыр нәубет келеді.

«Барынан айырылған атам аштан өлмес үшін туған жерді тастап кетуге шешім қабылдаған. Мал-жанынан айырылған қазақтардың көбісі Қытай еліне қоныс аударған. Алайда, әкемнің айтуынша, атам ол жаққа барудан бас тартқан. Жат жерде өмір сүру отбасына әлдеқайда ауыр тиетінін және ең бастысы – Отанмен, туған-туыстармен байланыс үзіліп қаларын білген. Сондықтан отбасы кеңесе келе қазақтарды қынадай қырған аштықтан құтылу үшін, кесапатты кезең өткенше Фрунзе қаласына барып, өлмеудің қамын жасап, тірлік етуге бекіген. Фрунзеге дейінгі жол ауыр және ұзақ болған. Алайда олар қалаға аман-есен жеткен.

Фрунзеде, бүгінгі Бішкекте атам бір орыс отбасының біршама уақыт шаруашылығын жүргізетін қара жұмысқа келісіпті. Қожайынның үлкен үйінен алыс емес жерден оларға шағын қақыра бөлініпті. Қасіреттің үлкені сол жерде болатынын білмеген олар құлағалы тұрған әлгі тамның өзіне керемет қуаныпты» [1,109]. Бұл – естелік. Баланың әке туралы естелігі. Осы жүлгені енді әкенің өз баяндаумен жалғастыру үшін аздаған түсінік бере кетуге тура келеді.

Кемел Тоқаевтың жастық шағы соғыста өтті. Оның «Солдат соғысқа кетті» деген романы міне, осы кезеңді суреттейді. Есімі Мұхамед деп алынған бас кейіпкер – лирикалық бейне. Яғни, Кемелдің өзі. Бұған дәл қазір ғылыми түрде дәлел келтіріп сөзді ұзартып жатпайық, баяндау барысында бәрі де түсінікті болады.

Сонымен, соғысқа кетіп бара жатқан жолда Мұхамед өзімен бірге майданға аттанған жолдасы Мейірмановпен сөйлеседі. Өте сәтті өрбіген диалог ақыры Мұхамедтің бала күнгі оқиғасын айтуға алып келеді.

«Мейірманов қамыққан үнмен:

– Бір үйден жалғыз едім. Артымда кәрі шешем қалды. Бәрінен де сол байғұсты аяймын, – деді.

– Тірі жан, ел ортасында отыр. Оған несіне уайымдайсың. Жұртпен бірге күн көрер. Сендей артымда шеше қалса арманым болмас еді.

– Шешең қашан қайтыс болды?

– Оған талай жылдар өтті ғой. Жас кезімде қайтқан.

– Кейпін, түр-түсін ұмытқан жоқсың ба?

– Неге ұмытайын! Түр-тұлғасы ажарлы ашаң жүзі, сыңғырлаған әсем күлкісі, маңдайымнан сипаған әппақ алақаны, саналы көз қарасы, еркелеткен үні – бәрі көз алдымда. Шешемді көп ойлаймын...» [2, 10].

Әңгіме арыдан қозғалып, Жетісудың Қаратал өзенінің бойынан көшіп, Фрунзеге келгені, әкесінің қасында Өте деген ағасының отбасы да болғаны айтылып келіп, енді бала күнінде жадында жатталып қалған сол бір қасіретті сәттерді жіңішкелеп баяндайды. Ағасы Қасыммен бірге қалай жетімханаға түскені туралы әңгімелейді.

«Әлі есімде, 30-шы жылдың жазында екі үй Пішкекке тақау, кендір егісінің басында қарауыл қарайды. Айдалада, арық жағасында жалғыз үй отыратынбыз. Қарақұрт деген бәле қалың. Таңертеңгісін керегенің басына құмырсқаша қаптайтын. Ал село маңында, орыстар тұрған жерде қарақұрт аздау. Өте аға біздің үйден бөлек, сол орыстардың қасында тұрады... Сол жылдың жазында екі үйдің басына үлкен ауыртпалық түсті. Өте ағаның үлкен баласы Үмбетқұлға қарақұрт тиіп төсек тартып жатып қалды. ...екі үй Пішкекке жетуге асықты. Үмбетқұлды дәрігерге көрсетпек. Бірақ кешіккен еді. Өте ағам азамат баласынан айырылған соң күйіктен төсек тартып жатып қалды. Ақыры ауруға шалдықты. Алматыдағы ағайындар дереу елге қайтуға мәслихат етті. Бірақ екі үй Меркеден ары аса алмады... Сол күні әкем бір қасапшымен келісіп үстіндегі барқыт шапанын өгіздің сіңір сирағына айырбастамақ боп келіскен екен. Өгізді қайда соятынын білген соң және соның қасында тұрғанды көңілге тоқ санаған әкем іңір қараңғысында кетіп қалыпты. Қасым екеуміз әкемді іздеп шығайық. Жолда арба айдаған екі кісі делбені тартып, атын тоқтатып жөн сұрады. Қайда бара жатқанымызды білді. «Біз де со жаққа бара жатырмыз. Кел, арбаға отыра қойыңдар!» деді де, ырық бермей тура жетімханаға алып келді. «Біздің әке-шешеміз бар. Жетім емеспіз. Қырық кепелі үйде тұрамыз. Ағатай, жібер!» деп жалынсақ та босатпады. Беті ауызы баттиған қара шұбар қазақ «Әке-шешеңнің қайда екенін айтпай-ақ қой. Сүйегі жер астында қурап жатқанын білеміз. Қасарыспа, осында әкеп тапсырғанымызға рахмет айт» деп бетімді шымшып алды.

Қасым шұбар қазақтың қолын қағып жіберді: «Былғаныш қолмен балаға тиюші болма!»  деп мені мойнымнан құшақтай алды.

«Ей, қарайгөр мынаны! Қол тигізбейтін соншама кім едің? Ақсүйек бай баласы шығарсың? Жетімханада бай мен манаптардың баласына орын жоқ!» деп әлгі шұбар бәле өршелене түсті. Қырсықтырсаң да, тура қара құдыққа апарып тастаймын. Кім арашаға түсетінін көрейін!». Мұрнының самалы бар серігі: «Әй, баламен керісіп қайтесің. Біздің міндет қаңғыған немелерді қалдырмай жинап, әлгі норма дегенін орындау ғой!» деп пысылдай сөйледі...

Сөйтіп, Қасым екеуміз балалар үйінде қалып қойдық.

– Қайда екендіктеріңді үй іші білмей қалған екен ғой?

– Солай болып шықты. Бір үйде төртеу едік. Қарындасым Бибажар елде тұрғанда қайтыс боп кеткен. Үйде Бибігүл қалған. Жетімхана жуғырақта жібере қоймайтын болған соң Қасым ақыл айтты: «Жетімдер үйі нан береді екен. Екеумізге берген нанның біреуін жеп, екінші үзімін Бибігүлге қалдырайық. Нанды көп жинап алған соң жетімханадан қашып кетеміз», - деді. Оның сөзін мақұл көрдім. Бір жетінің ішінде жарты күлшедей нан жинап алдық. Балалар үйіне келген күні маған қызыл сәтен көйлек берген. Нанды соған орап жүргенбіз. Тәрбиеші қашып кетпейді деп ойлады ма, далаға шығаратын болды. Азанғы жемі жоқ шайдан кейін, Қасым: «Сен осында қала тұр, мен барып қайтайын. Аға үйде болса кешке қарай сені алып кетеміз», - деді. Қасымды әжем бауырына  басқандықтан ата баласы саналып, әкемді «аға», шешемді «Әфуза» деп өз атымен атайтын. Қасым тез оралды. Мен оны далада, дуал тасасында күтіп жүргем. Оны көрген сәтте «Шешем аман ба? Әкем қайда? Неге келмеді?»  деп жаутаңдай қарадым. Ол иығыма қолын салып: «Қырық кепеде тірі жан жоқ. Ауладағы барлық үйлер көшіп кеткен. Бәлкім...» деп мүдіріп қалды.

«Не айтайын дедің?»

«Бәлкім, Пішкекке көшіп кеткен шығар». Соңғы жылы Пішкекке Яков деген орыстың үйінде тұрған едік. Үйі жайма базардың түбінде, тас жолдың бойында болатын. Екі баласы үлкен білім алған, инженер екенін білем. Кең үйде кемпірімен екеуі ғана тұратын. Қасым менің булығып жылап тұрғанымды байқап «Бұлай жылай берме. Көзің ауырады. Бәлкім, олар Пішкекке кеткен шығар. Күн жылынып көктем шықсын. Пішкекке, Яковқа барып қайтам», – деп орамалға оралған нанды қолыма ұстатты. Нанның шетінен бір үзіп қайтарып бергенімде, ол басымнан сипап «Өзің жей бер. Мен тоқпын», – деді. Жетімханада о кезде төсек-орын, көрпе, жастық деген болмайтын. Еденге ақ киіз төселген. Соның үстіне көйлекшең жата кетеміз. Әркімнің меншікті орны бар. Менің «төсегім» терезе жақта еді. Әйнектен күннің шуағы түскенде қуанып кетем. Ақ сәуле арық денені шымырлатып, қыздырып бойға қуат бергендей болады. Көктем шықты. Жердің көгі көтерілгенде Қасым Пішкекке кетті. Әке-шешенің өлі-тірісін біліп келмек» [2, 14-17].

Енді эсседегі естелік сөйлесін:

«Фрунзеге барғаннан кейін екі жылдан соң әжем кедейшіліктің кесірінен өмірдің адам төзбес ауыртпалығы мен азапты да ауыр еңбектен есеңгіреп, сал ауруына шалдығып, жатып қалған. Отбасын асырау үшін жанын салып жүрген атама сүйікті әйелінің ауыр науқасы үлкен соққы болып тиген. Ауыр ой меңдеп, болашаққа деген сенімі жоғала бастайды. Кешқұрым, төсекке таңылған әйелінің жанында көзінің жасын тия алмай, оны жұбатуға тырысып, төніп келе жатқан қайғыны сезгендей балаларына аянышпен көз тастайды. Қасірет оларды айналып өтпеді...» [1, 110].

Естелікте бұдан ары Қасым мен Кемелдің әкелеріне ілесіп базарға кеткені, олардың қаңғыбас, жетім балаларды жетімханаларға тасып жүргендерге жолығып, олар өздеріне белгіленген норманы орындау үшін балаларға дереу құжат рәсімделіп бірдемде-ақ «тірі жетімге» айналып, шыға келгенін баяндайды. Алайда олар сол күннің кешінде-ақ шын жетімге, кейін көп өтпей тұл жетімге айналады.

«Сол қасіретті күні әжем үйде кіші қызымен қалады. Әкемнің қарындасы қатты суықтан қорғалап, оттың жанында ойнап отырған екен. Бір кезде аяғы тайып, жанып тұрған отқа түсіп кеткен. Төсекке таңылған ана отқа түсіп шырылдап жатқан сәбиіне жете алмай, бірнеше минуттан кейін мәңгілік тыныс тапқан. Бір сұмдықты сезген атам мен Яков жүгіріп жеткен. Қайғылы оқиғаны көріп, әл-дәрмені құрыған атам әйелінің жанына тізерлей отырып, егіліп жылаған. Осы аралықта Яков отқа су шашып, одан жанып кеткен қыздың денесін шығарып алған.

Яков атама әйелі мен қызын жерлеуге көмектескен, одан кейін екеуі жоғалған балаларды іздеуге шыққан. Ұзақ уақыт іздегенмен нәтиже болмаған. Олардың қайда екенін ешкім де айтып бере алмаған. Бұл әйелі мен қызының өліміне қосымша тағы бір үлкен соққы болды. Оған қос ұлын қылмыскерлер немесе әлдекім құлдыққа алып кеткендей болып көрінеді. Ол кезде мұндайлар көп екен. Үйге әрең дегенде жеткен ол Яковке өмірдің мүлде мәні қалмағанын айтып мұңаяды. Балалардың бірі қайтып оралатын болса қол ұшын беруді сұрайды. Сол түні атам әлгі үйден біржола кеткен. Содан кейін оны ешкім көрмеген. Осылайша із-түзсіз жоғалған» [1, 110].

Ата-анасы, кішкентай қарындастарынан хабар білмек болып екінші рет жолға шыққан Қасымның, ағасының жолын күтіп, не қуаныш, не жақсылық әкелер екен деп елеңдеп жүреген Кемелдің күйі нешік? Оны романдағы Мұхамед, өмірдегі Кемел баяндайды:

«Сырттан тықыр естілсе есік жаққа жалтақтап қарай берем. Бір күні есеңгіреген қалыпта көзімді ашсам бас жағымда шұқшиып Қасым отыр. Көз шарасы жасқа толған. «Неге жылайсың?» дегендей сұрақты пішінмен бажырая қараймын. Сөйлеуге дәрменім жоқ. «Тірі екенсің ғой, тұрсаңшы!» - деп мойнымнан құшақтап басымды кеудесіне басты. Әрең жауап қаттым. «Сенің келгеніңді біліп жаттым ғой».

«Иә, өйтіп өтірік соқпа. Білсең, қытықтағанда неге оянбайсың?»

«Кірпік сондай ауыр, көзімді аша алмадым».

Ол мұрнын бір тартып күлді.

«Кірпігіңе тас байланып қалған ба? Неге аша алмайсың?».

Ал жауап қатайын десем буын-буыным босап, діңкем құрып барады. Амалсыз ыржиям. Қасым бетіме тесіле қарап дереу жейдесінің омырау түймесін ағытып жіберді де беторамалға ораған түйіншекті алды. Онысы бір жапырақ нан екен. Үздіге қолымды создым. Шетінен тістегенімде аузым сілекейге толып кетті. Бұл дүниеде наннан дәмді тағам жоқ сияқты көрінді...

Есімді жиып, қуат кірген бір шақта Қасымнан «Әкем неге келмеді? Мамам не айтты? Бибігүл еңбектеп жүр ме?» деп сұрайын. Қасым кібіжіктеп жауап қатты:

«Аға баяғыдай киіз үй тігіп отыр. Әйбәт тұрады. Тамақтары тоқ. Бибігүл аяғын қаз-қаз басып, бұралаңдай қисалаңдап бас ауған жаққа жүріп кетеді. Мұхамед күлше беріп жіберді дегенімде сықылықтай күлді» дегенде дауысы біртүрлі дірілдеп шықты. Мен тағы қайталап сұрадым.

«Әкем қайда? Неге келмеді?».

«Қанша айтсам да ұқпайды екенсің» деп қынжылғандай болды.

– Екі үйдің бейнетін көтерген әкең қайдан келсін. Өте аға науқас, Қалибегі сырқаттан оңалмапты. Солар жазылсын дейді. Және сенің бәтіңкеңнің жоғын естіп, жаңа бәтіңке сатып алған соң біржола барам», – деді.

«Сенің көзің неге жасаурай береді? Жылағың кеп тұр ма?!».

«Пішкекпен екі орта бір талай жер. Меркеге жеткенше тамбурға отырып келдік. Жел тиді білем, содан бері көзім жасаурай береді», – деп Қасым иығымнан құшақтап бауырына басты. Төбеме ыстық жас тамды.

Мейірманов қозғалақтап, толқи түсіп:

– Кейін папаң келді ме? – деді.

– Келмеді, – деп күрсінді Мұхамед.

– Бәрі қайтыс болды.

– Оны қайдан білдің? Кім айтты?

– Ойламаған жерден естіп қалдым, – деп Мұхамед күрсіне сөзін жалғады...» [2, 18].

Қасым жетімханадағы өзінен бір-екі жас үлкен Жанар деген қызбен әңгімелесіп отырған. Сөзден сөз шығып, Жанар Қасымның жалтарғанына қоймай, ата-анасы жайлы қайта-қайта қадалып сұрайды, жан-жағына қараған Қасым інісін ұйқтап жатыр десе керек, анасы мен қарындасының қалай қайтыс болғанын егжей-тегжейлі әңгімелейді.

«Мені көргенде Яков орыс «Берік бол, Кости. Әкеңді іздеп сұрау сап көріп едім. Таба алмадым. Өзенге ағып өлді деседі. Анау томпақ төбешік шешең мен қарындасыңның моласы. Екеуің ер жетіп, әлі-ақ азамат боп кетесіңдер. Сонда сүйегін қалаған жерге апарып қоясыңдар. Қолымнан келгені осы ғана, балам!», – деді.

Қасымның соңғы сөзін естуге шамам келді. Есеңгіреген қалыпта еңіреп жылап жатқам. Қасымның құшақтағанын білем. «Мұхамед, сен ояу ма едің? Мені не қара басты!» - деген даусы құлағыма ызыңдап естілді. Ертеңгісін көзімді ашқанда күнсіз, бұлтсыз, бұлыңғыр дүниенің ортасында жалғыз жатқандай сезіндім. Ең алғаш ақ халат киген докторды көргенім сол. Қолымның қарына ине тығып сұйық дәрі жіберіп жатты. Тағы бірдемелер жасаған болады. Осының бәрі маған түс секілді. Тек ағаның қамқор қолы со жолы мені ажалдан құтқарғанын білем...» [2, 18].

Міне, бұл кейіпкеріміз Кемелдің жетімдіктің жейдесін киіп ардақты әке, аяулы ана, сүйікті қарындасынан хабар алғанға дейінгі ғана өмірі. Бұл әсте ойдан құралған көркем шығарманың сюжеті емес, бұл Кемел деген қазақтың табанымен жүріп, тағдырымен кешіп өткерген өмірінің бір үзігі.

«70-ші жылдары әкем маған Бішкекке барып, сол үйді көргісі келетінін айтатын. Қым-қуыт тіршіліктің уайымымен жүріп сапарын кейінге қалдырумен болды, ақыры ол жерге бара алмай-ақ кетті», – дейді баласы әке туралы естелігінде.

Ф.М.Достоевский: «Мына бір өсиетімді есте сақтаңдар: ешбір оқиғаны, ешбір қақтығыс-шиеленісті ойдан шығармаңдар. Өмірдің өзінде не бар, соны алыңдар. Өмір біздің ойдан шығаратындарымыздың бәрінен де бай. Кәдімгі, күнделікті өмірдің беретінін ешқандай ой-қиял бере алмайды, өмірді қадірлеңдер» деген  екен. Жоғарыда баяндалған Қасым мен Кемелдің оқиғасы мәңгі қайталанбас шынайы тағдыр. Оны автордың өмірбаян ретінде ғана емес, көркем әдебиет негізінде баяндауы оның ауқымын онан сайын кеңейтіп, ғұмырын, тіпті де, ұзартып мәңгі өлмес туындыға айналдырып жіберген.

Көркем шығарманың тағы бір ерекшелігі баяндап отырған оқиға мың жерден автордың, иә, кейіпкердің басынан өткерген шынайы оқиғасы болса да оның бәрін жіпке тізген тәспінің тасындай санамалап отырмайды. Ал, естелік, басқа адамның басынан өткен қиын сәттердің аса нәзік, алуан сезімдерін өзі баяндағандай жеткізе бермейді, ол міндет те емес. Сондықтан шығарманы байланыстыра баяндап отырмыз. Екеуінің ары қарайғы тағдыры қалай болды?

«...Басқа баратын жер болмағанын түсінгеннен кейін олар балалар үйінде білім алуға кірісті. Бір жылдан кейін Қасым ең алғыр және тәртіпті тәрбиеленуші ретінде старостаның орынбасары болып сайланады. Өзінің қоғамдық жағдайын пайдаланып, ол інісіне жан-жақты көмектескен, тіпті асханадан қосымша нан үлесін алып беретін қулық та ойлап тауыпты. Балалар үйінде тиісті оқу процесі болмаған. Өйткені онда неше түрлі балалар – қаңғыбас, бұзақылар да кездесетін. Сондықтан да Қасым балалар үйінің бастығына өзін және інісін дұрыс оқып, жөнді білім алу үшін басқа балалар үйіне ауыстыру жөнінде өтініш жазуға шешім қабылдайды. Ақылды, ойлы азамат болғандықтан ол үлкен өмірде білімсіз өз орнын табудың қиын екенін жақсы түсінген.

Таңданарлығы – балалар үйінің бастығы бұл тілекке қолдау көрсеткен. Мүмкін ол Қасымға тәртібі мен мінездері барлық уақытта жайлы бола бермейтін қаңғыбас балалардың арасында тәртіп орнатуға көмектескені үшін разы болған шығар. Осылайша әкем ағасымен бірге Шымкент мырыш зауыты жанындағы жетім балаларға арналған интернаттан бір-ақ шығады. Олар осында орта мектепті бітіріп, өмірдегі тұңғыш ресми құжат – кәмелетке толғандығы туралы құжат алған...

Әкемнің ағасы интернаттан соң фельшерлік училищені аяқтағаннан кейін Свердловскіге жіберіледі. Онда офицерлер әзірлейтін қысқа мерзімдік курсты тәмамдайды. Сабақтан бос уақытта інісі Кемелге хат жазып тұрған. Бұл хаттар ешкімді бей-жай қалдырмайды, мағынасы да терең, ініге деген ағаның қамқор көңілінің ықыласы көрініп тұрады. Қасым әрбір хатында Кемелге оқуға жауапкершілікпен қараудың және қоғамдық тапсырмаларды орындаудың маңыздылығын еске салып отырады. Ол інісінен сотқар сыныптастарымен төбелеспей, тыныш жүруін сұрайды. Бір сөзбен айтқанда, Қасым қайғылы жағдайда мерт болған ата-ананың орнын басып, бар жауапкершілікті өз мойнына алады.

Әкем өзінің сол интернатқа түскенін жолым болдыға санайтын, өйткені оның тіке түрмеге бір-ақ алып баратын жолға салатын басқа балалар үйі немесе жетімханалардың біріне тап болуы да мүмкін еді ғой. Сол бір ауыр жылдары мұндай мысалдар аз емес еді. Интернатта ол аштықтан аман қалумен бірге орта білім алды.

Ол өмірден ерте кеткен ата-анасын ажалдан арашалап алып қалуға қолдан келер қайран болмағанын ойлап, қайғыдан қан жұтып отырады екен. Мұндай азапты сәттерде сүйеу болар жалғыз тірегі – қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген, комсорг болған ағасы Қасым еді. Ол Кемелге үнемі келіп тұрыпты, қолынан келер жәрдемін аямапты, таршылық көрсетпепті. Қасым мектеп бітірген соң институтқа түсуді, сөйтіп жатақханаға орналасып, інісін қасына алуды армандапты.

Алайда аға мен інінің үмітін соғыс үзді. Қасым алғашқылардың бірі болып майданға алынды. Ол әскери бөлімдерде тәрбие жұмысын жүргізу міндетін атқаратын саяси жетекшілер даярлайтын курсқа түсті.

Әкемнің айтуына қарағанда, аға мен іні айырылысар сәтте қатты қиналған. Әдеттегідей қош айтысар алдындағы әңгіме де, ақыл айту рәсімі де болмаған. Олар интернат жанындағы сәкіде бастары салбырап, әбден тозған аяқ киімдеріне қарап, тұнжырап үнсіз отырыпты. Жан қинайтын үнсіздік екеуіне ең ауыр тиген, бір-бірімен біржола қоштасып отырғанын, енді ешқашан көре алмайтындарын сезгендей еді. Қасым орнынан тұрып, әскери комиссариатқа баратын уақыты болғанын айтады. Әкем оны шығарып салмақ болады. Қасым қараңғы түскенін, қайтарда бірдеңеге ұрынып қалуы мүмкін екендігін айтып, қалдырып кетеді. Олар құшақтасып қоштасады, Қасым әскерге шақырылған басқа жігіттер отырған жүк машинасына қарай беттейді. Інісінің соңынан қарап тұрғандығын сезген аға бұрылып қол бұлғайды. Әкем оның көз жасын күшпен тежеп бара жатқанын байқап қалған. Ағасын соңғы рет көріп тұрғанын сезгендей, кеудесіне ащы өксік тығылып, жылап жібереді.

Жүк машинасы әскери комиссариатқа бет алған кезде әл-дәрмені құрыған Кемел жетімдер үйінің жатағына сүйретіліп келіп, төсегіне құлай кеткен» [1, 118-119].

Сол аға, Кемелдің мынау жарық жалғандағы жалғыз ғана жақыны, жалғыз ғана тірегі, жалғыз ғана жанашыры, екі-үш-ақ жас үлкендігіне қарамай оған әке орнына әке, шеше орнынан шеше, аға орнына аға бола білген ағасын, жалғыз ғана Қасымын сұм соғыс, жалмауыз, дүлей, таскерең соғыс жүгіріп келе жатып жалпасынан түскен мың-миллион адамдардың бірі ретінде ғана жалмап жұта салған.

Бұл жағдай Кемелдің ішіне шемен боп қатып, шер боп байланған. Сол үшін де романда ағасының өлімі туралы, көсіліп баяндамайды. Балалығы туралы әңгіменің аяғында:

«Сол бауырымнан да айырылдым. Биылғы ақпанда қаза тапты. Немістер өлтірді» дейді, болды [8, 18]. Екі-ақ сөзден құралған соңғы сөйлемде бәрі тұр. Ыза да, кек те, өкініш, ызыт бәрі. Енді міне, сол кек өзін де соғысқа алып, қан майданға асықтырып барады. Ағасынан кейін бір жарым жылдан соң өзі де соғысқа алынған. Ол жайлы романның ішіндегі «солдат күнделігі» деп аталып, әңгімеленіп жатқан оқиғамен жымдасып әрі ілгерілетіп отыратын ерекше тәсілдегі баяндауда айтылады.

«27 қыркүйек, 1942 жыл

Жаттығу сабағы тым ауыр.

Менің бөлімшемде алғашқы кезде жеті адам бар. Майданға жүруге қатты дайындалып жатырмыз. Тезірек жетсек екен, жаудан кек алсақ екен деген жалғыз тілек бар» [2, 9].

Міне, бұл кейін роман жазылғанда қосылған кәдімгі жауынгер Кемелдің, ағасының кегін алуға майданға асыққан Кемелдің күнделігі еді.

Шын мәнінде Қасымның өлімі оның жарты денесін оқ жұлып кеткендей ауыр жаралап кеткен.

«Студент кезімде мен әкеммен оның өмірінің ең қиын кезеңі туралы сұрадым. «Мен үшін ең қиын сәт ағамның қайтыс болғаны туралы хабарды – «қарақағазды» алған сәтім болды», – деді ол. Қасым аға 1942 жылдың ақпанында қаза тапты. Әкем бауырының хаты мен Кеңес армиясының лейтенанты шенінде түскен суретін көзінің қарашығындай сақтап жүрді. Суреттің артқы жағына өз қолымен қарындашпен «Інім Кемелге естелік үшін» деп жазған. Әкем Қасымның жиі түсіне енетіндігіне, ақыл айтып, кеңес беріп, оны өмірдің қиянаттарынан сақтандырғысы келетін сыңай танытатынын жиі айтатын. Кейде маған әкем туған ағасы аяқасты тіріліп келеді деп үміттенетіндей көрінетін. Сондай сәттерде ол: «Мүмкін, ол ауыр жарақаттан немесе контузиядан кейін госпитальде жоғалып кеткен шығар, соғыста бәрі болады ғой. Мен ауыр жарақатпен Гомель, Омбы, Алматының әскери госпитальдарында жатқанда аяқсыз, қолсыз қалған көптеген жауынгерлердің отбасына оралудан бас тартып, вокзалдар мен бекеттерде қалып жататынына куә болғаным бар», – дейтін. Алайда, Қасым оралған жоқ. Кейінірек, оның майданда қаза тапқаны туралы ресми қағаз келді. Осыдан кейін ғана әкем мынау жарық дүниеде Тоқа әулетінен жалғыз өзі қалғанын мойындап тынды» [1, 113].

Осындай ауыр күйді бастан өткеру түгілі, оқудың өзі қандай ауыр!

Кейбір жағдайларды қазір айтсаң ертегідегідей қабылданатыны рас. Мысалы естеліктегі мына жолдарда бізге солай сезіледі:

«...ол кезде бозбалалардың арманының ең үлкені – қол сағат тағу болған тәрізді. Ол да сыныптастары сияқты қазіргі уақытта күнделікті тұтынатын нәрсеге айналған сол затқа аңсары ауып, армандаған. Тек сегізінші сыныпта оқып жүргенде ғана оларға осындай сағатты қалай пайдалануды, ондағы уақытты қалай білуді үйреткен» [1, 117].

Иә, уақытпен бірге көп нәрсе өзгереді. Бірақ, адамдар арасындағы шынайы әрі қарапайым қатынастың құнынан қымбат ешнәрсе болмақ емес. Қасым мен Кемелдің бір-біріне деген мейірім, бірін-бірі табиғи түрде толықтырып тұрған әке мен баланың қаламынан туған бұл туындылардың көзге көріне бермейтін тылсым байланыс, ыстық махаббаты да соны айғақтап тұрғандай. Әке туралы естеліктің оның өзге шығармаларымен де жіпсіз байланысы аз емес. Ол жайындағы әңгіме өз алдына...

Сонымен, «Ағамның кегі» деп соғысқа аттанған, бір әулеттен қалған жалғыз дән, жалғыз дарақ – Кемел Құдайдың қуатында өлмеді, аман қалды. Жалындап тұрған жас сарбаз бірден көзге түсіп, 226-шы атқыштар дивизиясының бөлім командирі болады. Үш айдан соң ұрыста жараланып, әскери госпиталға түседі. Алайда, жарақатынан толық жазылмаса да алғы шепке аттануға өзі тілек білдіреді. Сөйтіп, ол 7-гвардияшылар танк полкына қосылып Белоруссияда, Украина мен Польша жерінде болып, кескілескен майдандарға қатысады. Майданда жүріп екі мәрте «ерлігі үшін» медалін алады. Соғыста екі жарым жыл болып, әлденеше рет ауыр жараланып, II дәрежелі мүгедек болған ол жаралы солдаттармен бірге елге қайтты. Мүгедек болса да аман келгеніне қуанған жақындары жаралы солдаттарды қарсы алып, үйді-үйіне алып кеткенде ол жалғыз өзі қос балдағына сүйенген қалпы Алматы вокзалында тұрды...

Не керек, сүтпен бітіп, сүйекке сіңген қайсарлықтың арқасында кесілу керек деген аяғын кестірмей, емделіп жазылды. Шынайы жазылған романдағы Мұхамедтің тіршілігін шынайы өмірдегі Кемелдің ізіне жалғап әкетер болсақ, сонау жетімханадан басталған аса күрделі де бұраң жол оны соғыстың қанды соқпағына сала отырып,1945 жылы Алматыдағы сол кездегі С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне бастап келеді. Емтихансыз қабылданып оқуға түседі.

Ары қарай өмір жалғасты. Үйленіп, үйлі болады. Құдай қосқан қосағы Тұрар тұла бойы тұңғышы ұл баланы дүниеге әкеледі. Сонда, үзіле жаздаған Тоқа әулетін жалғаған ұлдың атын қоярда Кемелдің ойынан сол баяғы асыл ағасы Қасым кетпей қойған. Жарық жалғанға келді, жетімдіктің ауыр азабын тартып, інісін ел қатарына қосу үшін ерте есейіп, жігіт шағында жұпар исі бұрқыраған бала сүймек түгілі, жар құшып, жастықта басы түйіспеген қалпы өмірден кете барған Қасымы. Оның есімін енді кім жалғамақ? Сол есімді енді мына жарық дүниеде кім ататып жүрмек? Аға есімін өлтірмеймін деген іні сол тұла бойы тұңғышының есімін Қасымжомарт қойыпты!

Әке жолын қуып, әке мұратын жалғаған сол ұл есімі өшпей аталып жүрсін деп ырымдаған Қасым атын, екеуінен өлі, екеуінен тірідей, бір күнде отбасының төрт адамынан бірдей айырылғанда қасіреттің салмағын  көтере алмай қорқау қоғамның қомағай өңешіне жұтылып кете барған Тоқа есімін, жарты ғасырдан астам ғұмыры жалғыздықпен өткен Кемел атын, өз есімін күллі жер шарының төрінде отырып төрелік айтатын Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберіне дейін апарыпты. Және жай ғана апармапты. Оның есім-сойы онда «БҰҰ Бас хатшысының орынбасары», «БҰҰ-ның Женевадағы Бөлімшесінің Бас Директоры» деген жоғары лауазымның иесі ретінде жазылды. Бұл иісі Алаш баласының алғаш шыққан әлемдік ірі саяси биік мінбері еді. Ол – қазақ халқының бірегей қайраткер перзенті, арманшыл әкенің рухани қуаты дарыған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев! 

Соғыстан мүгедек болып оралғанда құшақ жая қауышар ешкімі жоқ, қос балдағына сүйеніп, жалғыз өзі қасқайып вокзалда тұрған сол қайсар қазақтың перзенті бұл күнде Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Президенті!

О, құдіреті күшті, мейірімі шексіз Алла тағала! Өзінен күдер үзбеген үмітшіл құлын осылай жарылқайды екен-ау!..

Хикметке толы ғұмыр жолын қаламымен өрнектеген жазушы әкенің жан әлеміне қағаздан қайта үңілген ұл кейін есіміндегі екі аттың арасына дефис қойып, Қасым-Жомарт деп жазыпты. Ол Қасым есімі де тура Кемел есіміндей өз алдына бөлек есім болып қатар, көрнекі, дара тұрсын дегені болар...

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

Қазақ ұлттық өнер университеті

Керектенген әдебиеттер:

1.     Тоқаев Қ. Слово об отце /Әке туралы толғаныс. – А.: Парасат, 2005.

2.     К. Тоқаев шығармалары. Алматы:. «Ана тілі» 2017