07 ақп, 2019 сағат 09:48

Кейбіреулер Президент бастамаларын қысқа мерзімді науқанға айналдырып жүр - Тоқаев

Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президентінің мазмұнды бастамаларын кейбір мемлекеттік құрылымдар қысқа мерзімді науқанға айналдырып жібергенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлемдік сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстанда жалпыұлттық және жаһандық міндеттерді жүзеге асыруға қабілетті, шығармашылық ойлау әлеуеті жоғары, алдына биік мақсаттар қоя білетін жастар аз емес. Біздің, парламентшілердің алдында тұрған міндет - осындай дарынды жастарға қажетті құқықтық жағдай жасау. Жастар жылының мән-маңызы да осында. Кезінде Президент Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру жөнінде тапсырма берген болатын. Мазмұны өте салмақты маңызды бастаманы тиісті мемлекеттік құрылымдар ұраншылдыққа салып, қысқа мерзімді науқанға айналдырып жібергенін мойындау қажет. Шын мәнінде, біз жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын алға тарта отырып, барша халықтың, соның ішінде жастардың ұлттық ой-санасы мен мінез-құлқын түбегейлі қайта қарау мәселесіне назар аударуымыз қажет», - деп тоқталды Қасым-Жомарт Тоқаев Жастар жылын өткізу аясында тұрған мақсаттарға арналған дөңгелек үстел отырысында.

Оның атап өтуінше, жаңа ғасырда біздің алдымызда терең ойлы, еңбекқор, сындарлы, төзімді, ұтқыр және жаңашылдыққа ұмтылған ұлттың жаңа бейнесін, демек, бәсекеге қабілетті ұлт иесін қалыптастыру міндеті тұр. Жоғары оқу орындарындағы бағдарламалардың мазмұны жастарды дәл осы заманауи қасиеттерге баулуы тиіс. Осы орайда, отандық жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап тұрған - Назарбаев Университеті еліміздегі білім ордаларына бағдар бере алатынын ескеру қажет.

«Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, ең алдымен, жастардың мақсат-мүддесін көздейтін бірегей жоба. Бұл қоғамды жаһандық өркениеттің теңдессіз жетістіктерімен таныстыратын, жаңа құндылықтарға, атап айтқанда, сындарлы көзқарас пен еңбекке деген сүйіспеншілікке тәрбиелейтін кең ауқымды бағдарлама. Алайда, біз халқымыздың рухани мұрасына адал болып, өткеннің сабақтарын ұмытпауымыз қажет. Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да - жастарды ұлттық құндылықтарға баулитын өте керемет туынды. Мемлекет басшысының мақаласы жас ұрпақты ата-бабаларымыз мұра еткен жетістіктермен таныстыратын құнды дүние», - деді Сенат спикері.