03 нау, 2017 сағат 12:03

Президенттікке кандидаттың жоғары білімді болуын Конституцияға енгізу қажет - депутат

Бүгін Астанада ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы өтуде. Күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Заң жобасы қарастырылуда. Отырыста сөз алған Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұxаметов 41 бапқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлады Baq.kz тілшісі.

"Конституцияның 41 бабында Ел Президентінің лауазымына кандидаттарға қойылатын біліктілік өлшемдерінің ішінде жоғары білім жайы ескерілмегені мүлдем ақылға қонымсыз. Тіпті мемлекеттік қызметтің ең төменгі сатысы үшін де жоғарғы білім болуы қаралған. Ал елді басқаратын Президенттікке кандидат үшін бұл қаралмаған", - дейді Б.Ізмұxаметов.

Мәжіліс депутаты болашақта Президент сайлауына түсетін кандидаттарда жоғары білім болу керектігін айтып отыр.

"Сондықтан Президенттікке кандидатқа қойылатын басты талаптар қатарында – міндетті түрде жоғары білімінің болуын Конституцияға енгізу қажет деген нақты ұсыныс бар. Бұл болашақта орын алуы мүмкін келеңсіздіктің алдын-алудың бір жолы деуге болады", - дейді депутат.

Бек ТӨЛЕУОВ