24 сәу, 2020 сағат 14:48

Президенттік қолдау: Батыс Қазақстан облысында 133 мың адамға 42 500 теңгеден берілді

Батыс Қазақстан облысында 133 мың адамға 42 500 теңгеден әлеуметтік көмек берілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес төтенше жағдай кезінде өңірде табысын жоғалтқан осыншама адам әлеуметтік көмек алды.

Бұл – облыс тұрғындарының 22 пайызы.

«Егер төтенше жағдай алдағы мамыр айында да жалғасатын болса, сол адамдарға аталмыш әлеуметтік көмек төленеді. Ол үшін қайтадан өтінім берудің қажеті жоқ, жұмыс автоматты түрде жасалады», деді өңір басшысы. 

Облыс әкімі сонымен қатар «Біз біргеміз» қоры арқылы өңірде 14 мыңдай адамға 50 мың теңгеден жәрдем берілетінін жеткізді.

«Облыста күні бүгін 5,5 мыңдай адам 50 мың теңгені алды. Алдағы аптада қордан тағы да қосымша қаржы келеді. Тағы 8 мыңдай адам көмекке қол жеткізеді. Қазіргідей қысылтаяң кезде қолұшын созып жатқан кәсіпкерлер, ел азаматтары біздің облысымызда да аз емес. Олардың бәріне алғысымызды білдіреміз», деді әкім. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 40 мыңдай адамға коммуналдық жеңілдік көрсетілетінін жазған болатынбыз.