22 қаң, 2020 сағат 13:27

Президенттік кадр резервінің мүшесі Жоғарғы Сот Аппараты басшысының орынбасары болды

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісіміне және Жоғарғы Сот Төрағасының өкіміне сәйкес Нұрсұлтан Төленұлы Байтілесов Жоғарғы Сот аппараты басшысының орынбасары болып тағайындалды. Ол Президенттік Жастар кадрлық резервіне кіреді, - деп хабарлайды ҚР Жоғарғы Сотының баспасөз қызметі.

Н.Байтілесов 1991 жылы туған. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша, Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетін «экономика және бизнес» мамандығы бойынша бітірген. Заң ғылымдарының магистрі.

2009 жылдан бастап Астана қаласы Алматы аудандық сотының жетекші маманы, бас маман-сот отырысының хатшысы, сот приставы, бас маманы, Атырау, Павлодар облыстық соттарының кеңсесі басшысының орынбасары, Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің бас консультанты болып қызмет атқарған.

2016 жылдан бастап 2018 жылға дейін – Әскери сот әкімшісінің басшысы, ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің Халықаралық байланыстар және Протокол бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

Осы тағайындауға дейін Шымкент қаласының Соттар әкімшісінің басшысы болды.