24 мам, 2019 сағат 14:07

Президенттікке кандидаттар арасында теледебат өтеді

Орталық сайлау комиссиясы президенттікке үміткерлер арасында теледебат 29 мамырда өтетінін хабарлады. 

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлау алдындағы пікірталастар мен пікірсайыстарды өткізу мәселесі қаралды.

Қабылданған қаулыға сәйкес, сайлау алдындағы телевизиялық пікірталастар мен пікірсайыстар күні 29 мамыр күні  Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамының телевизиялық арнасы эфирінде өткізілетін болды.

Қазіргі уақытта сайлау алдындағы телевизиялық пікірталастар мен пікірсайыстарды жүргізу тәртібін көздейтін регламент әзірленген.

Телепікірталас 3 кезеңге бөлінген.

Бірінші раундтың тақырыбы - «Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары». Сайлау алдындағы телевизиялық пікірталастар мен пікірсайыстардың бірінші раунды екі турды қамтиды.

Бірінші турда әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын  таныстыру мақсатында сөз сөйлейді.

Екінші турда қатысушылардан өздерінің оппоненттеріне «сұрақ-жауап» түрінде пікірсайыс сессиясы жорамалданады. Қатысушылар өздерінің оппоненттеріне екі сұрақтан қойып, сондай-ақ екі сұраққа жауап бере алады.

Екінші раундтың тақырыбы - «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы».

Екінші раундтың бірінші турында қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлейді.

Екінші турда жүргізушілердің барлық қатысушыларға бір сұрақ қоюы жорамалданады.

Үшінші раундтың тақырыбы - «Сайлаушыларға арнау».  Үшінші, қорытынды раундта қатысушылар тікелей сайлаушыларға арнап сөз сөйлейді.