23 нау, 2019 сағат 09:50

Президент Ахмет Ясауи кесенесін аралап, Түркістандағы құрылыс жұмыстарымен танысты

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет іс-сапармен Түркістан қаласына келді. Мемлекет басшысы әуелі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ат басын бұрып, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейін жаңғырту жоспарымен танысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мемлекет басшысына мәдени нысандардың қайта жөндеу жұмыстары және қорық-музейдің аумағын абаттандыру барысы жөнінде баяндалды.


Жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлы Дала елі» орталығы мен әкімшілік-іскерлік орталықтағы облыстық әкімдіктің, басқармалар ғимараттарының құрылысын аралап көрді. Сондай-ақ, жаңадан салынып жатқан Конгресс холл мен Медиа орталықтың құрылыс барысымен де танысты. 


Айта кетейік, «Ұлы Дала елі» орталығының жалпы аумағы - 1,32 гектар. Атырау облысы тарту ететін ғимарат 2020 жылы салынып болмақ. Ал облыстық әкімдік пен басқармалар,  департаменттер ғимараттарының құрылысына жауапты әрі орындаушы - «BI group» компаниясы. Бұл ғимараттардың құрылысы ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде. Конгресс-холлдың аумағы 3,1 гектар жерге салынуда. Оның құрылысын жүргізіп жатқан «BI group» ЖШС нысанды 2020 жылы пайдалануға береміз деп отыр.


Сондай-ақ Алматы қаласы салуға тиісті Медиа орталық биыл желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Оның жалпы аумағы - 1,56 гектар жерді алып жатыр.

Мемлекет басшысы жуырда ғана тұсауы кесілген облыстық «Жастар ресурстық орталығына» да аялдады. Қасым-Жомарт Кемелұлы орталықта «Жастарға қызмет көрсету», «Еріктілер клубы», «Жас сарбаз», «Тілдер мектебі» және «Stem» жобаларымен танысты. Сондай-ақ, «TURKISTAN HUB» коворкинг орталығының резиденттерімен кездесті. Бүгінгі таңда орталық бір уақытта 400-ге жуық жасқа қызмет көрсете алады.


Президент сапары Түркістанда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысуымен жалғасты. Жалпы аумағы 96 200 шаршы метрді құрайтын 1560 пәтерлік 26 көпқабатты тұрғын үй ағымдағы жылы ел игілігіне тапсырылады деп жоспарланған.