21 там, 2019 сағат 12:15

Президент тапсырмасынан кейін Марқакөлде браконьерлер ұсталып, қамауға алынды

ҚР Ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл көлінде заңсыз балық аулап келген қылмыстық топты ұстау бойынша арнайы операция өткізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлінің аумағында ұзақ уақыт бойы браконьерлікпен және майқан балығы уылдырығының заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топтың криминалдық іс-әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операция өткізді. Нәтижесінде, «Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің және балық ресурстарын заңсыз аулауға, сатуға қатысы бар басқа да адамдардың браконьерлік әрекеттері әшкереленді. Олар аталған айырықша қорғалатын нысанда құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің орнына өздері заңсыз әрекеттерге барған», - деді ведомстводан.

Мәлім етілгендей, уылдырықты өткізудің негізгі арнасы жойылды, ұйымдастырушылары ұсталып, қамауға алынды. Майқан балығын браконьерлік жолмен аулауға, сатуға қатысы бар өзге де адамдарды анықтап, ұстау бойынша жедел-тергеу шаралары жүргізілуде.

«Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 90 литр уылдырық, мыңнан астам заңсыз ауланған майқан балығы, сондай-ақ 3 млн 800 теңге сомасында ақшалай қаражат, балық аулайтын торлар, рация және тіркелмеген пистолет алынды. Тергеу барысында аталған кезеңде Марқакөл көлінен бір тоннадан астам майқан балығы заңсыз ауланғаны анықталды. Уылдырықты алғаннан кейін қылмыскерлер балықты күзетілетін аймақтағы жерге көміп кеткен. Бұрын тоқтатылған 4 қылмыстық іс өндіріспен қайта жаңғыртылды. Осы істер бойынша 22 млн теңгеден астам қаржыны құрайтын 4 тонна майқан балығы алынды», - деді ІІМ-нен.

Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалды. Соның негізінде табиғи қорықтың қоршаған ортасына келтірілген экологиялық залал анықталтын болады.

Сондай-ақ, ІІМ аталған аймақтың браконьерлікпен байланысты проблемалық мәселелерін қарастыруда.

 

Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шығыс Қазақстан облысының Марқакөл көлінде заңсыз балық аулап жүрген қылмыстық топпен күресуді тапсырған болатын.