24 жел, 2018 сағат 15:28

Президент шыршасында балаларға арнайы сертификаттар табысталды

Елордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев балаларлы жаңа жылмен мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Baq.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өз құттықтауын видеоүндеу арқылы жолдады.

«Жаңа жыл шыршасына үздік оқитын өрендер жиналып отыр. Мен сендерді және еліміздің барлық баласын мерейлі мерекемен шын жүрегіммен құттықтаймын. Бұл өздеріңді жаңа арманға жетелейтін, жаңа үміт сыйлайтын ерекше мейрам. Осы мерекеде басқосуды бүкіл бала жыл бойы асыға күтетіні бекер емес. Олар ақжолтай тілектерінің орындалатынына сенеді», - деді ол.

Елбасы шырша тойында өнер көрсетіп, сыйлық алатын бүлдіршіннің қуанышынан артық ештеңе жоқ екенін атап өтті.

«Балалардың алаңсыз, әрі бақытты өмір сүруі үшін біз барлық жағдайды жасап келеміз. Сондықтан бәріңде саналы тәрбиеге, сапалы білім алуға ұмтылуларың керек. Бүгінде дүниежүзі тәуелсіз Қазақстанның жарқын жетістіктеріне құрметпен қарайды. Осындай мәртебелі мемлекетте, еркін елде өсіп жатқан сендер бақыттысыңдар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева президент шыршасында балаларға қандай сыйлықтар берілетінін жеткізді.

«Астаналық 200 бала президент шыршасын тойлап жатыр. Олардың арасында аз қамтылған отбасылардың балалары да бар. Сыйлық ретінде балаларға киім алуға 100 мың теңгенің сертификаты беріледі. Балалар өзіміз таңдайықшы деген соң, министрлік оған рұқсат берді. Оларға кәмпиттер де беріледі», - деді вице-министр.

Сонымен қатар ол бүгін сағат 11-де 14 облыс мен 2 республикалық маңызы бар қалада да президент шыршасы өтетінін хабарлады.

Жаңа жылдық шыршаны балалармен қатар Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин тамашалады.