15 сәу, 2019 сағат 09:23

Президент сайлауын өткізуге 9,4 миллиард теңге бөлінбек

9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына 9,4 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінбек. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

«2019 жылғы 9 маусымға белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу үшін 2019 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 9 404 771 000 (тоғыз миллиард төрт жүз төрт миллион жеті жүз жетпіс бір мың) теңге сомада қаражат бөлінсін, соның ішінде: ҚР Орталық сайлау комиссиясына 9 347 885 000 (тоғыз миллиард үш жүз қырық жеті миллион сегіз жүз сексен бес мың) теңге, ҚР Сыртқы істер министрлігіне 56 886 000 (елу алты миллион сегіз жүз сексен алты мың) теңге» делінген ресми хабарламада.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен бөлінген қаражатты мақсатты пайдаланылуын бақылауды өз міндетіне алмақ. 

Құжат 29 сәуірге дейін талқыланады.

Айта кетсек, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізуге 12 миллиард теңге сұраған болатын. Алайда, Қаржы министрлігі бұл соманың қысқаруы мүмкін екендігін айтты.