03 ақп, 2017 сағат 15:27

Президент мемлекеттiк қызметшiлердiң жалақысын өсiрудi тапсырды

Мемлекеттiк қызметтегi бос орындар қысқартылып, жалақысын жақсы жұмыс iстейтiн мемлекеттiк қызметшiлерге бөлiп бередi. Бүгiн үкiметтiң кеңейтiлген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырма бердi, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

«Мен өзiм қызметтiң барлық сатысынан өттiм. Бөлiмде 15 адам отырса, бар жұмысты 3-ақ адам iстейдi. Қалғаны қалам ғана ұстауды бiледi. Бiлемiз ғой бәрiмiз. Осынша адамды ұстап қажетi қанша? Оларды жұмыстан шығарып, жалақысын жақсы жұмыс iстейтiн қызметшiлерге бөлiп беру керек. Сонда бiлiктi адамдарды таңдап алуға мүмкiндiк болады», - дедi Елбасы.

Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң төрағасы Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, министрлер мен әкiмдердiң қазiр осындай мүмкiндiгi бар.

«Б» корпусында аттестация жүрiп жатыр. Жаңағы айтылған мәселенi әрбiр министр, әкiм жүзеге асыра алады. Яғни, жұмыс iстемейтiн қызметкерлердi босатып, оның жалақысын қалдырып, сол арқылы жұмыс iстейтiн азаматтардың жалақысын арттыруға болады», - дедi Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгiнiң төрағасы Қайрат Қожамжаров.

Оның айтуынша, мемлекеттiк қызметтегi 100 мыңдай орынның бүгiнде 17-18 пайыздайы бос тұр.

«Мен мiндеттi түрде бос 18 мың орынның барлығын қысқартып таста деп отырған жоқпын. Оның iшiнде таба алмай жүрген керектi адамдардың орны бар шығар. Сонда да қысқартуға болатындарды қысқартып, жалақысын қалдыру керек. Әкiмдер мен министрлерге жақсы жұмыс iстейтiн қызметкерлердiң арасында бөлiп беруге рұқсат берiп, жалақыны көтеру керек», - дедi Н.Назарбаев.

Президент болашақта мемлекеттiк қызметшiлердiң жалақысын бизнестегi деңгейге жеткiзу көзделiп отырғанын айтты.

«Бұл жемқорлықпен күрес. 5 институттық реформа аясында мемлекеттiк қызметшiлердiң табысы бойынша әлi жеткен жоқпыз. Жағдай түзелгеннен кейiн оны жасаймыз, көтеремiз. Мақсатымыз - мемлекеттiк қызметшiлердiң жалақысын бизнестегi деңгейге жеткiзу. Сонда қояды. Бiрақ қазақ қоймайды-ау. Қанша берсең де, аз болады», - дедi Мемлекет басшысы.

Айта кетейiк, Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкiметтiң кеңейтiлген отырысы өттi. Жиында алдымен елдiң 2016 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындылары талқыланды. Кейiн Мемлекет басшысы түйiткiлдi мәселелердi көтерiп, алдағы жұмысты айқындап, үкiмет мүшелерiне тапсырмалар бердi.

Айымгүл ӘБІЛЕВА