10 қаң, 2020 сағат 12:15

Президент мақаласында Абай мұрасына тағы да зейін қою қажеттігіне ерекше тоқталған - Дария Қожамжарова

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласынан еліміздегі жоғары оқу орындарының оқытушылар құрамы мен студенттері өз бойларына рухани азық алды. Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің ректоры Дария Қожамжарова көпшілікке терең ой салған мақала туралы пікірін осылай білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дария Қожамжарованың сөзінше, Мемлекет басшысының ұлы ақын, дана ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің атасы Абай жайлы көлемді мақаласы азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-маңызын түсіндіреді. Абайдың мұрасына тағы да зейін қойған абзал екендігіне ерекше тоқталып өтеді.

«Қазақ халқының ұлт ұстазы Абай (Ибраһим) өз халқымен бірге міне ХХІ ғасыр межесіне жетіп, ел-жұртымен бірге емен-жарқын жасап жатыр. Өзі кезінде айтқандай: «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деген шайырдың өзі жоқ болса да сөзі қалды. Асыл сөз өлмейді. Асыл сөз айта алған адам да, асылы өлмек емес. Кезінде Абайдың шығармашылық өмірін құнттап, кейінгі ұрпақ үшін алтын сандыққа салып, аманат қып беріп кеткен М.Әуезов өзінің атағы әлемге жайылған «Абай жолы» роман-эпопеясында: «Алтын терек, арсыға құлаш ұрған ардақты азамат, сен өлмейсің! Еліңнің жалғыз жан, ең соңғы ұлы ма, қызы ма, ең кейінгі нәсілі бірде-бір жан болса, соның да кеудесінде сенің атың бірге кетеді. Сенің тірлігің бірге жасайды, сенің нұрың бірге жарқырайды! Алдың жарқын, өзің солай сеніп ең… Ана жұртың сені өлді демейді…» деп айтып кеткен болатын»,- дейді Дария Қожамжарова.

Ректордың айтуынша, бүгінде ОҚМУ ғалымдары Абайдың жұртқа беймәлім кейбір туындыларын зерттеп жүр. Өйткені Абайды терең тануға баса мән беру арқылы адамның өзін-өзі тануына болады. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі іспеттес.