13 қаң, 2020 сағат 07:31

Президент мақаласы Абайға қатысты тарихи деректердің жаңғыруына септігін тигізеді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай туралы мақаласы ақын мерейтойын мерекелеуде айнымайтын бағыт-бағдар болуға тиіс. Мұндай пікірді Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Жандос Әубәкір айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын Абай музейінің ұжымы ықыласпен қабылдады. Бұл мақала әлемдік деңгейде аталып өтетін Абай тойының маңызы мен ерекшелігін жан-жақты нақтылап, алдымызға келелі жұмыстарды мазмұнды атқаруды жүктеп отыр. Мемлекет басшысы Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өту тек той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін қажет екенін айта отырып, елімізге алыс-жақыннан келетін меймандар мен туристерді күтіп алуға жағдай жасау керектігін, «Адамзаттың бәрі сүй бауырым деп» деген әлемнің Абайын тануға асығып келетін Жидебайдағы Абай музей-үйін жаңғырту жұмыстарына баса назар аударуда», - деді музей директоры.

Оның дерегінше, биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Бұл ретте тамыз айында Семей қаласында UNESCO-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шара болуы тиіс. Қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» атты халықаралық конференция мен басқа да жиындар Абайдың тұлғасы мен мұрасын жан-жақты зерделеу және оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашуы қажет.

«Мақалада көрсетілген елдің рухани дамуындағы ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеу, Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңірге айрықша құрмет көрсету, Семей шаһарын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытуға күш салу, ұлы тұлғалардың ізі қалған қаладағы тарихи-мәдени нысандарды заманауи көзқараста жаңғырту, Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандырып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасау, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру мәселелері мен бірегей бастамаларын қолдаймыз. Бұл бастама тұтас еліміздің дамуы мен халық игілігіне асатын жұмыстардың бастау көзі, қайнар бұлағы ретінде Тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосары анық», - деді ол.

Жандос Әубәкір ел Президентінің ұлылар мекеніндегі қасиетті орын, қара өлеңнің меккесі Жидебайда музейге арнайы лайықталған «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу идеясына үлкен қолдау білдіреді. Бұл музей ісінің дамуына, Абай мұрасын әлемдік деңгейде паш етуге аса қажет дүние екенін атап өтеді.

«Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқау қиын емес. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалаған ойшыл, Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғыну керек екені Мемлекет басшысының мақаласында орамды ой, игі идея, парасатты пайым ретінде көрініс тапқан. Сонымен қатар, Қ.Тоқаев өз мақаласында Абай мұрасының өскелең ұрпақ пен ел болашағы жастарға тигізетін пайдасы жайында ой өрбітіп, ұлы ақын шығармашылығының қай кезеңде де өзектілігін жоймай, замана жүгін көтеріп, Абай ұлағаты барша адамзат игілігі үшін рухани азық екенін де атап өтті. Сондықтан ұлтымызды жаңғырту ісінде Хакім Абай еңбектерін басшы¬лыққа алу, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізуді, Абай сөзі-нің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде айта келіп, Абай мұрасы ұлттық болмыстың үлгісі хақында, ойшылдың осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға және жаңа өмірге бейім болуға шақырғаны туралы ой бөлісті», - деді Жандос Әубәкір.

Оның пайымынша, Мемлекет басшысының бұл мақаласы Абай тойын жоғары деңгейде атап өту мен абайтану саласындағы орындалуға тиіс мүдделер мен мақсат-мұраттардың жүзеге асырылуына септігін тигізіп, барша қазақ халқының ұлы тұлғасы Абайдың мерейтойын мерекелеуде айнымайтын бағыт-бағдар болуға тиіс.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы көтерген мәселелер мен бастамалар ел мүддесі үшін пайдаға асырылып, кең байтақ даламыздың ірі ойшылдарының бірі - Абай мен оның шығармашылығына, кемеңгер ақынның айналасына қатысты тарихи деректер мен мұрағаттардың жаңғыруына сепітігін тигізеді деп сенеміз», -деді музей басшысы.