27 мам, 2020 сағат 09:16

Президент бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңға пікір білдірді

Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заң азаматтардың бейбіт жиындар өткізуге Конституциялық құқығын толық қамтамасыз етеді. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі отырысқа дейін атқарылған жұмыстың нақты нәтижесі бар. Бірер күн бұрын мен Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заңға қол қойдым. Бұл құжаттың басты ерекшелігі - бұдан бұлай бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес. Оны алдын ала ескертіп, өткізуге болады», - деді Мемлекет басшысы. 

ҚР Президенті осы Заң қоғамдық-саяси қатынастарды демократиялық жолмен одан ары дамытуға зор үлес қосады деп ойлайтындығын баса айтты. 

«Депутаттарға заң жобасын егжей-тегжейлі қарастырғаны үшін алғыс айтамын. Бірлесе атқарылған жұмыстың мән-маңызы зор. Жаңа заң - азаматтардың бейбіт жиындар өткізуге Конституциялық құқығын толық қамтамасыз етеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.