27 мам, 2020 сағат 09:41

Президент балабақша, мектеп пен колледж директорын тағайындаудың ашық жүйесін әзірлеуді тапсырды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік билік жүйесіне білімді әрі кәсіби тұрғыда даяр, патриоттық тұрғыда шыңдалған жастарды тарту керектігін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде балабақшалар мен мектептердің, колледждердің директорын тағайындаудың ашық жүйесін дайындау керек. Директорларды ротация мен аттестаттаудан өткізу институтын енгізу – басқарудың тиімділігін арттыруы тиіс. Жалпы, ротация барлық салада болуы керек деп есептеймін. «Адасып кеткен буын» деген әңгімелер шықпауы үшін біз кадрларды жаңартып отыруымыз қажет. Шынында да білімді әрі кәсіби тұрғыда даяр, патриоттық тұрғыда шыңдалған, психикалық тұрғыда ойлы жастар мен орта жастағылар мемлекеттік билік саласында еңбек етуі керек. Парламент болсын, Үкімет, әкімдік болсын, жаңа таланттарды іздеуге шақырамын. Кәсіби тұрғыда шыңдалған жастарды іздеуге шақырамын. Мемлекеттік билік жүйесінде олардың дарынын пайдалануымыз керек», - деді Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.

Президент қазір елде мемлекеттік қызметті реформалау, жаңа деңгейдегі мемлекеттік аппаратты құру бастамасы туралы айтылып жатқанын атап өтті.

«Әлбетте, осы ретте, бізге жаңа адамдар керек. Сол себепті Мемлекеттік қызмет істер жөніндегі агенттік пен Президент Әкімшілігі бұл мәселемен айналысуы керек», - деді Мемлекет басшысы.